Шикізаттан - дайын өнімге: Жамбыл облысында өңдеу мен экспорт басты назарда

Жамбыл облысы қайта өңдеу өнеркәсібі, аграрлық сектор және инвестиция тарту есебінен экспорттық әлеуетін тұрақты түрде арттырып келеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Өңір пайдалы қазбаларға, көмірсутек отынына, минералдық ресурстар мен бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік беретін табиғи және өндірістік ресурстарға бай.
Экспорттың негізгі бөлігін химия өнеркәсібінің өнімдері құрайды, бұл жалпы көлемнің 87 пайызынан астамы Сонымен қатар, облыстан минералдық өнімдер, металдар мен металл бұйымдары, азық-түлік, жабдықтар мен көлік құралдары сыртқа шығарылады. Негізгі экспорттаушылар қатарында Тараз металлургиялық зауыты, KazIrAgro, Talas Investment Company, Бурный сүт компаниясы, «Сәуле» кондитерлік фабрикасы және басқа да кәсіпорындар бар.
2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстың сыртқы сауда айналымы 829,9 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 пайызға жоғары. Экспорт көлемі 83,5 пайызға артып, 343,3 миллион долларға жетті. 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында экспорт көлемі 2,9 есеге өсіп, 151,7 миллион долларды құрады. Ал қаңтар-ақпан аралығында өңделген (бейшикізаттық) өнім экспорты 4,5 есеге артып, 63,5 миллион долларға жетті.
Экспорт көлемінің артуына фосфор (100%), барий сульфаты (79,1%), сафлор майы (50,1%), пияз (76,7%), ет, сүт өнімдері, цемент және бейорганикалық химия өнімдерінің сыртқа тасымалдануы ықпал етті. Жамбыл облысының өнімдері Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Чехия, Иран, Бахрейн, Грузия және басқа да елдерге экспортталуда.
Экспорттаушыларды қолдау мақсатында «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы арқылы мемлекет тарапынан көмек көрсетілуде. 2024 жылы өңірдегі төрт кәсіпорынның шығындары өтеліп, жалпы 122,3 миллион теңге қайтарылған. Сонымен қатар бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Талас ауданында цианид натрий өндіретін Talas Investment Company зауытының қуатын арттыру жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Жоба аясында кәсіпорынның қуаты жылына 30 мың тоннаға дейін жетіп, 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Өңір алдағы уақытта дайын өнім экспортын Қытайға, Парсы шығанағы елдеріне, сондай-ақ Еуропалық одақтың бәсекелі нарықтарына ұлғайтуды көздеп отыр. Бұдан бөлек, ЕАЭО және Орталық Азия елдерімен тауар айналымын ұлғайту бағытында жұмыстар жалғасады.