×

Руханияттың өзегі бала тәрбиесінде

Adal Adam 08.07.2025 | 11:12
Руханияттың өзегі бала тәрбиесінде
Фото: Pexels.com

Бүгінде қоғамда көңіл құлазытатын оқиғалар аз емес. Әлеуметтік желілерде күшті адамның әлсізге жасайтын зорлық-зомбылығын жиі көзіміз шалады. Көкейге маза бермейтін сұрақ – адамдар неге осыншалық қатыгез болып барады? Бұл тұрмыстың қиындығынан ба, әлде рухани байлықтың жоғалуынан туындаған құбылыс па? Ең өкініштісі – мұндай тасбауырлық тек үлкендердің арасында ғана емес, балалардың өз ішінде де бой көрсетіп отыр. Бәлкім, бұл түйіннің түп тамыры дұрыс тәрбие бере алмаудан басталатын шығар. Осы мәселеге тереңірек үңілу мақсатында қоғам белсендісі, «Қазақстандық ата-аналар одағы» ұйымының өкілі Бағила Балтабаеваның пікірін білуді ұйғардық.

–Қоғамда қатыгездіктің өршіп кетуіне кинотуындылардың, мультфильмдердің, интернеттегі компьютерлік ойындардың ықпалы орасан зор. Бүгінде тек балалар мен жасөспірімдер ғана емес, ересек жастағы ер адамдардың өзі компьютерлік клубтарды толтырып отыр. Ал сол виртуалды ойындардың дені – атыс-шабыс, өлтіру, қирату секілді әрекеттерге құрылғаны жасырын емес. Демек, сондай зұлымдық элементтері олардың санасына біртіндеп сіңіп, үйреншікті қалыпқа айналып барады. Балалар арасында да бір-бірін соғып қалу, тіл тигізу, ауыр сөз айту әдеттегі көрініске айналды. Неліктен? Өйткені өскелең буынның, жастардың арасында «тренд» ұғымы мықтап орын тепкен. Өзім бұл тақырыпты жиі көтеріп жүргендіктен, бәрін жіті бақылап жүремін. Қазір жастар «трендте» саналатын дүниелерді жасай алмаса, өзін қоғамнан оқшау қалғандай сезінеді. Сол «трендтің» бір «сәні» – боқтық араластырып сөйлеу әдетке айналды. Бүгінгі күні қоғамдық ақпараттық кеңістікте бір жынысты адамдар арасындағы қарым-қатынасты насихаттағысы келетіндер де көбейіп келеді. Қатыгездікке қатысты да осыны айтуға болады. Осындай келеңсіздікке қарсы тұру үшін ұлттық идеология жүйелі түрде әрі пәрменді жүргізілсе дейміз.

Біздің балалық шағымыз, мектепке баруымыз Кеңес Одағы кезеңімен тұспа-тұс келді. Сол уақытта үздік пионер атану үшін жақсы оқу, пайдалы іс атқару, өзара бәсекелесу қалыпты үрдіс еді. «Тимур және оның командасы» деген шығарманы оқып, ауылдағы жалғызбасты қарттарға көмектесуді, отын жарып беруді, үйін жинап беруді парыз санадық. Мұндай игі амалдарымызды абырой көріп, жалғастыруға тырысатынбыз. Ол заманда идеология елге деген адалдықты, жауапкершілікті жүрекке ұялатып отыратын. Әр адам «Мен мемлекетке қалай үлес қоса аламын?» деген ниетпен әрекет етті. Бұл – тәрбиенің, насихаттың жемісі. Сол кезде фильмдер, мультфильмдер, радиобағдарламалар мен басылымдардың бәрі бір арнаға бағытталды. Әлеуметтік желі деген жоқ, бар ақпарат – газет пен журналдың бетінде еді. Халықтың Отанға деген сүйіспеншілігі өте биік болды. Кейін тәуелсіздік алдық, өз алдымызға егемен ел болдық. Қазір де ұлттық құндылықтарды мемлекет идеологиясының басты өзегіне айналдыру қажет. Ана тіліміз, салт-дәстүріміз, ата-бабамыздан жеткен әдет-ғұрып – халқымыздың рухани байлығын толықтыратын асыл қазына. Ұлттық код, идеология – күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеуі керек маңызды құрал.

Адам жүрегін немен толтырса, соның бәрі мінезінен, қылығынан, сыртқы болмысынан көрініс табады. Сыртыңды сәндеп, әдемі киініп жүрсең де, ішкі дүниең кедей болса, оның зардабы көп ұзамай сезіледі. Мен қаншама жұмыспен жүрсем де, балаларыммен етене араласып, әңгімелесуге уақыт табамын. Бала кездерінен патриоттық ән тыңдатып, отаншыл фильмдер көрсетемін. Қолдан келгенше шетелдің әртүрлі мультфильмдерінен алшақ ұстауға тырысамын. Оның орнына «Мұзбалақ», «Керей мен Жәнібек» сияқты төл туындыларды тамашалатқанды құп көремін. Алайда отандық контентте ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген сапалы мультфильм өте аз. Шындығын айтқанда, санаулы екі-үш-ақ дүние бар. Бала шетелдік өнімдерге елітіп кетпес үшін қанша шектеу қойсаң да, бір кезде өзі таңдайтын жасқа жетеді. Бүгінде YouTube-ты ашсаңыз, сансыз мультфильм төгіліп тұр. Түрлі түспен безендіріп, тартымды кейіпкерлер жасап қойған. Кейде үлкендердің өзі көзі түсіп, көргісі келіп кетеді. Мысалы, алты жасар бала қазір біз көрсеткенді көріп жүр. Өсе келе не көретінін өзі шешеді. Сол кезде «мынаны қарама» деп айту қиын. Сондықтан дәл қазір оның рухын бекемдеп, ішкі дүниесін қалыптастырған абзал. Ертең есейгенде өзіне қажет, пайдалы дүниені таңдай алатын деңгейге жетуге жұмыс істеуіміз керек. Мақсатым – осы. Біздің елде отыз жыл ішінде Уолт Дисней сияқты қуатты анимациялық студия құруға толықтай мүмкіндік болды. Бірақ ондай орталық пайда болмағасын, балалардың назары амалсыз шетелдік кейіпкерлерге ауады. Бүгінде олар «Өрмекші адам», «Терминатор» секілді батыс кейіпкерлерін үлгі тұтады. Өз балама ұлттық мазмұнды, рухани тәлім беретін мультфильм іздегенде осы мәселеге қайта-қайта тап боламын.

Бала бойына кішкентайынан рух беріп, еліне адал, тарихын білетін азамат болып өсуіне жағдай жасалса деймін. Қазақ тарихынан сыр шертетін, рухты көтеретін мультфильм, кино көбірек түсірілсе ғой. Қайта-қайта «Менің атым Қожаны» көрсете беремін бе? Жасы жетпеген балаға «Қыз Жібек пен Төлегенді» еріксіз көрсете алмайсың. Есейгенде «Жаужүрек мың баланы» өзі-ақ тамашалайды.

Баланың санасында қалыптасатын ұлттық таным ең алдымен кино мен мультфильм арқылы беріледі. Ұрпақ мейірімді, отаншыл болып өсуі үшін сол бағыттағы тәрбие жүйелі болуы керек. Қоғамда қатыгез, қылмыскер, алаяқ, зорлықшыл адамдардың шығуы – отбасында мейірімнің жетіспеуінен, тәрбиенің әлсіздігінен. Сондықтан қазіргінің ең маңызды құралы – фильм мен мультфильм екенін түсінетін кез келді. Бұл ең алдымен өскелең жас буынға ауадай қажет.