Азаматтық қоғамның дамуы – елдің дамуы

Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту мәселесі – демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде қалыптасып отыр.
Осы мақсатта әсіресе 2006-2011 жылдары аралығында нақты жоспар жасалып, біршама жұмыстар жасалды. Нақты айтар болсақ, 2006 жылдың 25 шілдесінде Президент Жарлығымен 2006-2011 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Аталмыш тұжырымдама елде демократиялық реформаларды іске асырудың алғашқы кешенді бағдарламаларының бірі еді. Бұл құжат Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы мен демократиялық реформалар бағдарламасына сәйкес әзірленді. Расы керек, бұл бағдарлама елде азаматтық қоғамның дамуын айтарлықтай алға жылжытты.
Нақты нәтижелер:
Заңнамалық база жетілдірілді – тұжырымдама азаматтық қоғам институттарының, әсіресе үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталды. Халықаралық шарттар мен пактілерге сәйкес ұлттық заңнаманы үйлестіру арқылы азаматтардың бірлестіктер құру және қоғамдық мәселелерге қатысу құқықтары нығайтылды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың енгізілуі – бұл кезеңде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс механизмі енгізіліп, ҮЕҰ-ларға мемлекеттік органдармен бірлескен әлеуметтік жобаларды іске асыруға мүмкіндік берілді.
Азаматтық форумдардың рөлі – азаматтық форумдар мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогтың тиімді алаңына айналды. Бұл форумдарда азаматтық қоғамды дамыту тетіктерін жетілдіру бойынша шешімдер қабылданды.
Қоғамдық бақылау күшейді – тұжырымдама мемлекеттік биліктің қызметіне қоғамдық бақылауды күшейтуге ықпал етті. Бұл процесс азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды және биліктің ашықтығын арттыруды көздеді.
Кейін ел президенттігіне Қасым-Жомарт Тоқаев келген соң азаматтық қоғамды дамыту мәселесі мүлдем жаңа сатыға көтерілді. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру мақсатында 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы қабылданды.
Бұл құжат «Қазақстан-2050» стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сүйене отырып, азаматтық қоғам институттарымен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін енгізуге бағытталған. Сондай-ақ елде демократиялық процестерді нығайтуға, азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға және мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты орнатуға жаңаша серпін берді.
Азаматтық қоғамды дамыту – ұзақ мерзімді және күрделі процесс. Ол экономикалық, әлеуметтік және мәдени факторларға тәуелді болғандықтан, мемлекеттің тұрақты қолдауы мен азаматтардың белсенді қатысуы болашақта Қазақстанды демократиялық және өркендеген мемлекет ретінде нығайта түспек.