×

«Хизбут Тахрир»: Бейбіт үндеу ме, жасырын қауіп пе?

Даурен Омаров 31.07.2025 | 16:43
«Хизбут Тахрир»: Бейбіт үндеу ме, жасырын қауіп пе?
Adaladam.kz

XX ғасырдың ортасында құрылған, бүгінде әлемнің ондаған елінде тыйым салынған Хизбут Тахрир әл-Ислами ұйымы посткеңестік кеңістікте, оның ішінде Қазақстанда да бірқатар алаңдаушылық туғызған қозғалыстардың қатарында. Бұл ұйым өздерін бейбіт, бірақ «ақиқатты жеткізуші» деп сипаттайды. Алайда халықаралық сарапшылар мен қауіпсіздік қызметтері үшін бұл топ – теократиялық халифат идеясын насихаттайтын, радикалды идеологияны жүйелі түрде таратушы ұйым. Хизб ут-Тахрир ұйымының басты мақсаты – бүкіл мұсылман елдерін біріктіретін жаңа ислам халифатын құру. Олар бүгінгі ұлттық шекаралар мен егемен мемлекеттерді «исламға жат құрылымдар» деп есептейді (дерек көз: Suha Taji-Farouki, A Fundamental Quest: Hizb al-Tahrir and the Search for the Islamic Caliphate).

Идея мен ниет: бейбіт үндеу ме, идеологиялық экспансия ма?

Хизбут Тахрир 1953 жылы Иерусалимде Тақиуддин ан-Набхани есімді діни заңгер тарапынан құрылған. Ұйымның басты мақсаты – ислам халифатын қайта орнату. Олар қазіргі заманғы ұлттық мемлекеттер мен демократиялық жүйелерді «жалған билік» деп есептейді. Хизбут Тахрир діни ағымының ресми ұстанымы – «қарусыз күрес». Бірақ бұл ұстаным халықаралық зерттеушілер тарапынан екіұшты бағаланады. Мысалы, Karagiannis және McCauley (START, АҚШ) еңбектерінде бұл діни ағым тікелей зорлықты насихаттамаса да, оның идеялары басқа радикал топтардың идеологиялық негізін қалыптастыруы мүмкін екені атап көрсетіледі. Осы тұжырымды Jean-Francois Mayer да растайды: «Хизбут Тахрир – тікелей жекпе-жекке шақырмайтын, бірақ радикализацияға есік ашатын идеялық дәліз».

Қазақстан контекстінде: әрекеті тыйым салынған, идеологиясы елене ме?

Қазақстан Республикасы Хизбут Тахрир ұйымының қызметіне 2005 жылы сот шешімімен тыйым салды. ҰҚК мәліметінше, ұйым еліміздің оңтүстік өңірлерінде (Шымкент, Тараз, Түркістан) бірқатар жасырын ұяшықтар ұйымдастырмақ болған. Алайда олардың қызметі дер кезінде тоқтатылған.

Бірақ тыйым салу – идеологиямен күресудің жалғыз жолы емес. Қазақстандағы кейбір зерттеуші атап өткендей, Хизбут Тахрир идеологиясы интернет пен шетелдік насихат желілері арқылы кеңінен тарап отыр. Осыған байланысты БҰҰ-ның терроризмге қарсы комитеті де «бейбіт, бірақ саяси-утопиялық идеялармен жұмыс істейтін» ұйымдарға ерекше назар аударуды ұсынады.

Неліктен қауіпті?

PhD, доцент Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Жоламан Бұланұлының зерттеулеріне сүйенсек, Хизбут Тахрир діни ағымның бастауы негізінен салафизм мен уаххабизмнен шыққан. Ғалым уаххабизмнің таджариттік ағымдарына сәйкес келетінін айтады. Діни ағым ұлттық мемлекетті теріске шығарады. Хизбут Тахрирдың басты идеясы – халифат. Демек, Қазақстан сияқты зайырлы ұлттық мемлекеттің болмысы бұл қозғалысқа қайшы. Саяси жүйені жоққа шығарады. Олар демократияны «адам ойлап тапқан жүйе» деп бағалап, тек шариғатпен басқарылатын халифатты мойындайды.

Жастар арасында радикалды романтизмді қоздырады. Әсіресе әлеуметтік әділетсіздікке сезімтал ортада олар халифатты «әділ қоғамның» баламасы ретінде ұсынады. Идеологиясы бейбіт сипатта болғанымен, салдары қауіпті. Осы діни ағым  қарулы қақтығысқа бармаса да, оның идеялары кей жағдайда бастама қызметін атқарады – яғни басқа радикалды топтарға өтуге себеп болуы мүмкін.

Не істеу керек?

Хизбут Тахрирмен күрес тек тыйым салумен шектелмеуі керек. Жетекші зерттеушілер (Dietrich Jung, Sinclair, Suha Taji-Farouki) айтып өткендей, мұндай ұйымдармен күрестің ең тиімді жолы – идеологиялық қарсы ұстаным қалыптастыру. Қазақстан үшін бұл – дәстүрлі исламды, атап айтқанда Орталық Азиядағы сопылық мектептерді (мысалы, Нақшбандия, Яссауия) қайта қалыптастыру, таныстыру. Себебі бұл ілімдер дінді рухани кемелдік пен адамгершілік негізінде түсіндіреді. Сонымен бірге, зайырлы мемлекет пен ұлттық болмысты терістемейді.

Хизб ут-Тахрир – зұлымдыққа тікелей үндеу тастамайтын, бірақ зайырлы қоғам мен ұлттық мемлекетті жоққа шығаратын радикалды идеология. Қазақстан қоғамы үшін ең қауіптісі – осы қозғалыстың сырттай бейбіт, бірақ ішкі мазмұны теріс идеялармен улануы. Идеологияға қарсы күрес тек тыйыммен емес, балама рухани, мәдени, білім беру жолдарын күшейтумен жүзеге асады. Бұл елдің ішкі қауіпсіздігін ғана емес, рухани тұтастығын сақтау үшін де маңызды рөл атқарады.

Хизб ут-Тахрирдің сырттай бейбіт насихаты шын мәнінде зайырлы, ұлттық, құқықтық жүйелерге қарсы шабуыл болып табылады. Бұл ұйымның идеологиясы:

Ұлттық тәуелсіздікті жоққа шығарады;

Демократиялық құрылымды күпірлікке балайды;

Қоғамды бөлшектеуге бағытталған сенім таратады;

Жастарды утопиялық халифат идеясына сендіріп, шынайы өмірмен қақтығысты тереңдетеді.

Осы себепті Қазақстанда бұл ұйым 2005 жылы тыйым салынған экстремистік ұйымдар қатарына кіргізілді.