Қаржы пирамидаларының қақпаны
                                                                Соңғы жылдары Қазақстанда қаржы пирамидаларының саны күрт артты. «Жоғары табыс, жеңіл пайда» уәделеріне сенген талай адам жинаған қаражатын ғана емес, өмір бойғы еңбегінің жемісін жоғалтты. Бұл құбылыс тек жеке азаматтарға емес, жалпы ел экономикасына да қауіп төндіреді. Сондықтан қаржы пирамидаларына қарсы күрес – мемлекет үшін де, қоғам үшін де өзекті мәселе.
Пирамидалардың басты әдісі – адамдарды «қысқа уақытта мол пайда табасың» деп сендіру. Жаңа қатысушылардың салымынан бұрынғы қатысушыларға «табыс» беріліп, жүйе уақытша сенім тудырады. Бірақ жаңа салымшылар азайған сәтте бұл құрылым опырылады. Нәтижесінде мыңдаған адам қаржылық шығынға батады.
Соңғы жылдары мұндай алаяқ ұйымдар интернет пен әлеуметтік желіні белсенді пайдаланып отыр. Олар өзін «инвестициялық қор», «жобаны қолдау платформасы», «блокчейн немесе криптовалюта жобасы» деп таныстырады.
Әрине, мемлекет қарап отырған жоқ. Қазақстанда қаржы пирамидаларына қарсы заңнама күшейтілді. 2020 жылы Қылмыстық кодекске түзетулер енгізіліп, мұндай ұйымдарды ұйымдастыру ғана емес, насихаттау да қылмысқа жатқызылды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура арнайы бірлескен топ құрып, күдікті жобаларды анықтап, халыққа ескерту жариялап келеді. Соңғы жылдары ондаған қаржы пирамидасының ісі сотта қаралып, ұйымдастырушылары қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Мемлекет тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейді. Азаматтарға қаржы пирамидасының белгілерін ажырата білу жолдары түсіндіріліп жатыр.
Әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Атап айтсақ, біріншіден, халықтың қаржылық сауаттылығы төмен. Алаяқтар да осыны пайдаланады. Көпшілік «жеңіл табыс» дегенге тез иланатыны жасырын емес.
Екіншіден, әлеуметтік желідегі жарнамаларға тосқауыл қою қиын. Жабылған пирамида бірден басқа атаумен қайта шығып жатады.
Үшіншіден, жәбірленушілер көбіне дер кезінде құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Олар жағдайды жасырғысы келеді немесе ақшасын қайтарып алам деген үмітпен кеш қимылдайды.
Қаржы пирамидаларына қарсы күресте басты құрал – заң ғана емес, қоғамдық сергектік пен қаржылық сауаттылық. Әр азамат «тегін пайда болмайтынын» есте ұстауы тиіс. Мемлекет тарапынан бақылау күшейіп жатқанымен, ең сенімді қорғаныс – халықтың білімділігі мен сақтығы.
Қаржы пирамидасына қарсы күрес – ұзақ мерзімді жұмыс. Ол тек қатаң жазамен емес, қоғамды ақпараттандырумен және заңға бағыну мәдениетін қалыптастырумен нәтижелі болады.