×

Жолдау, Конституция және Абай мұрасы: Алматыда студенттермен азаматтық жауапкершілік мәселелері талқыланды

Adal Adam 11.11.2026 | 09:50
Жолдау, Конституция және Абай мұрасы: Алматыда студенттермен азаматтық жауапкершілік мәселелері талқыланды
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттерімен кездесу өтті. Онда Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары, 2026 жылғы Жолдауда белгіленген басым бағыттар, ұлттық құндылықтар және жастардың азаматтық жауапкершілігі талқыланды, деп жазады Adaladam.kz.

Іс-шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы ұйымдастырды. Екінші курс студенттеріне арналған дәрісті орталық басшысы Айдар Есенбеков өткізді.

Кездесу барысында конституциялық даму, азаматтық жауапкершілік және ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелеріне назар аударылды. Әсіресе Конституцияда бекітілген «Заң және тәртіп» қағидатының мәні, оның құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы және қоғамда заң талаптары мен ортақ нормаларды құрметтеудегі рөлі түсіндірілді.

Айдар Есенбеков Конституцияның мемлекет пен қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, оның қағидаттары әрбір азаматтың күнделікті іс-әрекетінен көрініс табуы қажеттігін атап өтті.

«Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, сонымен қатар адам, қоғам және мемлекет арасындағы қарым-қатынасты айқындайтын маңызды бағдар. Оның қағидаттары әрбір азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанда ғана нақты мәнге ие болады. Жастардың міндеті – ұлттық құндылықтарды сақтап қана қоймай, оларды білімге ұмтылу, жауапкершілік, заңды құрметтеу және белсенді азаматтық ұстаным арқылы заманауи мазмұнмен толықтыру», – деді ол.

Кездесудің тағы бір бөлімі «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» жалпыұлттық бастамаларына арналды. Студенттерге экологиялық жауапкершілік, адалдық, өзгелерге құрметпен қарау және қоғамдық ынтымақтастық қазіргі заманғы азамат мәдениетінің маңызды құрамдас бөліктері екені айтылды.

Сонымен қатар ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының рухани мұрасына ерекше назар аударылды. Қатысушылар шаңырақтың ұлттық бірлік пен ұрпақтар сабақтастығының символы ретіндегі мәнін, сондай-ақ Абайдың «Қара сөздерінде» көтерілген ойлардың бүгінгі қоғам үшін өзектілігін талқылады. Адамгершілік, әділдік, білімге ұмтылу және жауапкершілік қазіргі ұрпақ үшін де маңызды құндылықтар ретінде атап өтілді.

Кездесу соңында студенттер өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Ашық пікір алмасу барысында дәріс тақырыптары бойынша ой бөлісіп, өздерін толғандырған мәселелерге жауап алды.

Мұндай кездесулер жастардың конституциялық сауаттылығын арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған.