«Миллиардтаған теңге шетелге кетіп жатыр»: Дания Еспаева отандық өндірістегі жүйелі мәселелерді көтерді
Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіптің үлесі артқанымен, отандық кәсіпорындар әлі де импортқа тәуелді. Ірі компаниялар шетелдік тауарларды сатып алуға қыруар қаржы жұмсап жатқанда, қазақстандық өндірушілер ұзақмерзімді тапсырыс пен қолжетімді несиеге қол жеткізе алмай отыр. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Үкімет сағатында Дания Еспаева өңдеуші өнеркәсіптің дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар жүйелі мәселені көтерді.
Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 49 пайызға жетіп, 30,7 трлн теңгені құраған. Бұл тау-кен өнеркәсібінің көрсеткішінен жоғары. Алайда оң статистикаға қарамастан, ел экономикасында салалар арасындағы өндірістік байланыс, кепілді сұраныс пен қолжетімді қаржыландыру жүйесі әлі де әлсіз.
Мұнай-газ секторында отандық тауарлардың үлесі небәрі 21,3 пайыз
Депутат ірі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы қазақстандық өнімнің үлесі төмен екенін сынға алды.
Оның келтірген дерегіне сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мұнай-газ секторындағы сатып алуларда отандық тауарлардың үлесі небәрі 21,3 пайызды құраған. Ал қатты пайдалы қазбаларды өндіруші компанияларда бұл көрсеткіш 17 пайыз ғана болған.
«Біз ондаған жыл бойы өзіміз өндіре алатын арматура, сорғы, кабель және химиялық реагенттерді шетелден сатып алып келеміз», – деді депутат.
Еспаеваның пікірінше, Қазақстанда металл, мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстар жеткілікті болғанымен, олардың әлеуеті отандық дайын өнім өндірісін дамытуға толық пайдаланылмай отыр.
«Самұрық-Қазына» сатып алуларына қатысты сын
Дания Еспаева «Самұрық-Қазына» қорының импортты алмастыру бағдарламаларына да тоқталды.
Оның айтуынша, қор ауқымды бағдарламаларды жариялағанымен, жеке кәсіпкерлер сатып алу рәсімдерінің күрделілігіне және ашық емес бас тарту шешімдеріне тап болып келеді.
Сонымен қатар отандық кәсіпорындарды ұзақмерзімді тапсырыспен қамтамасыз етуге тиіс оффтейк-келісімшарттар кей жағдайда қысқамерзімді келісімдермен алмастырылып отыр.
Депутат мұндай тәжірибе жаңа өндірістер ашуға және кәсіпорындардың жұмысын кеңейтуге кедергі келтіретінін атап өтті.
«Несие 16 пайыздан жоғары, ал өндіріс 7 пайызбен ғана өзін ақтайды»
Еспаева отандық өндірушілер үшін қаржыландырудың қолжетімсіздігі де өзекті мәселе екенін жеткізді.
Оның айтуынша, коммерциялық секторда несие мөлшерлемесі 16 пайыздан басталады. Ал көптеген өндірістік жобалардың экономикалық тұрғыдан өзін ақтауы үшін қаржыландыру мөлшерлемесі 7 пайыздан аспауы қажет.
Бұған қоса, екінші деңгейлі банктер оффтейк-келісімшарттарды толыққанды кепіл ретінде қабылдамай, кәсіпкерлерден жылжымайтын мүлік пен басқа да активтерді талап етеді.
Салдарынан өндірісін кеңейтуге дайын кәсіпорындардың өзі қажетті қаржы мен кепілді тапсырысқа қол жеткізе алмай отыр.
«Отандық кәсіпорындар тапсырыссыз, ал қаржы шетелге кетіп жатыр»
Депутаттың пікірінше, қалыптасқан жағдай тұйық шеңберге айналған.
Отандық өндіруші өнім көлемін арттырмайынша, оның өзіндік құнын төмендете алмайды. Ал кепілді тапсырыс болмағандықтан, өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік жоқ.
Нәтижесінде ірі тапсырыс берушілер импорттық өнімді сатып алуды жалғастырып, Қазақстан өнеркәсібін дамытуға жұмсалуы мүмкін қаражат шетелге кетіп жатыр.
Осыған байланысты Еспаева мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларында қазақстандық өндірушілерге белгілі бір көлемді резервтеуді, ұзақмерзімді оффтейк-келісімшарттар жасауды және олардың орындалуына құқықтық кепілдік беруді ұсынды.
Депутат Үкіметтен нақты нәтиже талап етті
Дания Еспаева мемлекеттік қолдау мен ірі компаниялардың сатып алулары жаңа өндіріс орындарын ашуға, технологияларды дамытуға және импортқа тәуелділікті азайтуға қызмет етуі тиіс екенін айтты.
Ол мемлекеттік органдардың тек жоспар мен статистикалық көрсеткіштерді орындауға басымдық беруін сынға алып, өндірістегі нақты экономикалық нәтижеге назар аударуға шақырды.
«Біз мұнда мемлекеттік ресурстарды игеру туралы кезекті есепті тыңдау үшін жиналған жоқпыз. Біз үнемі орын алатын проблемалар, оларды шешу жолдары туралы ашық әңгіме күтеміз», – деді Дания Еспаева.
Депутаттың пікірінше, Үкімет жұмысының тиімділігі бөлінген қаражат көлемімен емес, ашылған кәсіпорындар, құрылған жұмыс орындары, өндірілген отандық өнім және импортқа тәуелділіктің нақты төмендеуі арқылы бағалануы қажет.