×

Алматыда Беспақов көшесіндегі төрт жылдан бері шешілмеген мәселе реттелді

Adal Adam 26.11.2026 | 12:00
Алматыда Беспақов көшесіндегі төрт жылдан бері шешілмеген мәселе реттелді
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының Жетісу ауданындағы М. Беспақов көшесінде жол мен инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары аяқталды. Жоба қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен, тұрғындар көтерген мәселе негізінде жүзеге асырылды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Мәселе 2026 жылғы маусымда Алматы әкімінің жеке қабылдауында көтерілген. Тұрғындардың айтуынша, төрт жыл бойы көшеде сапалы жол төсемі болмаған, сондай-ақ су бұру жүйесінде қиындықтар туындаған. Бұл жағдай ондаған отбасының күнделікті тұрмысына қолайсыздық келтірген.

Кездесу қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты қызметтерге инженерлік желілерді қалпына келтіріп, жолды ретке келтіруді тапсырды.

Алайда жобаны іске асыруға мердігер ұйым – «ЭлектроРемонт» ЖШС-мен арадағы сот дауы кедергі келтірген. Сот шешімімен компания мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылды. Кейін демеушілік қаражат тартылып, жөндеу жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік туған.

Жұмыс аясында көшедегі 345 метр магистральдық су бұру желісі қайта төселді. Қосымша үш кәріз құдығы орнатылып, 30-ға жуық тұрғын үйге абоненттік желі тартылды.

Инженерлік желілерді жөндеу аяқталғаннан кейін көшеде орташа жөндеу жүргізіліп, асфальт төсемі толық қалпына келтірілді.

Жергілікті тұрғындар ұзақ уақыт күткен мәселенің шешілгеніне қуанышты екенін жеткізді.

«Қаншама жыл күттік, ақыры сапалы жолға қол жеткіздік. Бұрын кәріз де, асфальт та болмаған. Қазір көшемізге қарасаң, көңілің қуанады. Өтінішімізді ескеріп, барлық жұмысты атқарып бергеніне өте қуаныштымыз», – деді тұрғындар.

Қазіргі уақытта Беспақов көшесінде жоспарланған жұмыстардың барлығы аяқталған.