×

Алматыда «Әділет» партиясының өкілдері Жолдаудағы білім беру және денсаулық сақтау міндеттерін талқылады

Adal Adam 26.11.2026 | 19:20
Алматыда «Әділет» партиясының өкілдері Жолдаудағы білім беру және денсаулық сақтау міндеттерін талқылады

Алматыда «Әділет» партиясының өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті. Жиындарда әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, білім сапасын арттыру, педагогтердің еңбек жағдайын жақсарту және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Бостандық ауданындағы Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының ұжымымен өткен кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген денсаулық сақтау жүйесін дамыту міндеттері түсіндірілді. Әсіресе балалардың денсаулығын қорғау, аурулардың алдын алу, ерте диагностикалау және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.

Жолдауда елімізде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде ауруханалар, перзентханалар мен балаларға арналған медициналық мекемелер салу жоспарланғаны айтылды.

Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында жұмыс істейтін мамандардың жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын ұлғайтуға бағытталған.

«Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров Жолдауда айқындалған міндеттерді жүзеге асыруда балалар денсаулығын қорғау мен медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Елімізде 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарының еңбек жағдайын жақсарту міндеттері белгіленді. Бұл бастамалар халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған. Әсіресе балалар денсаулығын қорғау, ауруларды ерте анықтау және дер кезінде емдеу мүмкіндіктерін кеңейту маңызды. Осы міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін медициналық инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, сала мамандарының тәжірибесі мен ұсыныстарын ескеру қажет», – деді Станислав Канкуров.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының өкілдері оқытушылармен және студенттермен кездесті. Жиында білім беру жүйесін жаңғырту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру мәселелері түсіндірілді.

Мемлекет басшысы Жолдауында инклюзивті білім беруді дамытуға да ерекше назар аударған. Қазіргі таңда елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Осыған байланысты арнайы білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, білікті мамандар даярлау және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау міндеттері белгіленген.

«Әділет» партиясының өкілі Айнұр Мұқажанова болашақ педагогтерді даярлау сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.

«Білім беру жүйесінің сапасы ең алдымен педагогтің кәсіби даярлығына және оның еңбек етуіне жасалған жағдайға байланысты. Мемлекет басшысы Жолдауында ұстаздардың жұмысын жеңілдету, артық жүктемені азайту және заманауи технологияларды тиімді пайдалану міндеттеріне ерекше назар аударды. Бүгінде болашақ мұғалімдерді даярлауда цифрлық сауаттылықты арттыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгерту және теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру маңызды», – деді Айнұр Мұқажанова.

«Әділет» партиясының өкілдері №26 жалпы білім беретін мектептің педагогикалық ұжымымен де кездесті. Басқосуда мектеп инфрақұрылымын жетілдіру, мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсарту және білім сапасын арттыру мәселелері қарастырылды.

Жолдауда республика бойынша 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысанының құрылысын бастау жоспарланғаны айтылған. Сонымен қатар ұстаздардың артық жүктемесін азайтып, олардың негізгі міндеті – балаларға сапалы білім беруге басымдық беру қажеттігі атап өтілген.

Кездесу барысында педагогтер коммуналдық төлемдер бойынша жеңілдіктер қарастыру, сынып жетекшілерінің еңбегін ынталандыру, қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және демалыс орындарының инфрақұрылымын дамыту жөнінде ұсыныстарын білдірді.

Жалпы, Алматыда өткен кездесулерге білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері қатысып, әлеуметтік салаларды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Педагогтер мен медицина мамандары еңбек жағдайын жақсарту, әлеуметтік қолдауды күшейту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Мұндай кездесулер Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіруге, азаматтардың пікірін ескеруге және мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру барысында қоғаммен өзара байланысты нығайтуға бағытталған.