Сандық діндарлық және онлайн-шіркеулер: жаңа рухани кеңістіктің қалыптасуы
Қазіргі заман – цифрлық технологиялардың дәуірі. Интернет тек ақпарат алмасудың құралы емес, сонымен қатар рухани тәжірибенің де жаңа алаңына айналды. Кейінгі жылдары «сандық діндарлық» (digital religiosity) ұғымы пайда болып, ол діни сенімнің виртуалды ортада жүзеге асуын сипаттайды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Әлеуметтік желілер, бейнеконференциялар, арнайы мобильді қосымшалар дәстүрлі діни тәжірибелерді жаңа форматқа көшіруге ықпал етті. XXI ғасырдың басынан бастап дін мен технология арасындағы байланыс күшейе түсті. Мәселен, бұрын діни уағызды тек мешіттен немесе шіркеуден тыңдау мүмкін болса, қазір «YouTube», «ZOOM», «Facebook» сияқты платформалар арқылы тікелей эфирде қатысуға болады. Қазақстан мен Орта Азия елдерінде де имамдар онлайн-жұма уағыздарын ұйымдастырып, жастармен TikTok және Instagram арқылы байланыс орната бастады. Қазіргі дәуірде интернет діннің жаңа кеңістігіне айналды.
Рухани бағыттағы кез келген сипаттағы жиналыстар онлайн форматқа көшіріліп, виртуалды қауымдастықтар қалыптасты. Бұл құбылысты ғылымда «сандық діндарлық» (digital religion) деп атайды. Кейінгі жылдары осы тақырыпқа арналған зерттеулер қарқынды дамып келеді. Мәселен, биыл жарияланған библиометриялық шолуда 2011–2024 жылдар аралығында «digital religion» және «virtual communities» тақырыбы бойынша жарияланған 31 мақала талданған.
Зерттеуде 2024 жылы рекордтық көрсеткішпен 7 мақала жарық көргені айтылып, АҚШ пен Швеция бұл саладағы көшбасшы елдер екені көрсетілген (Bibliometric Review of Digital Religion and Virtual Communities, ResearchGate, 2025). 2024 жылы жарық көрген тағы бір еңбекте дін мен медиа арасындағы өзара әрекеттестік динамикалық модель ретінде ұсынылады.
Авторлар интернет дінге тек коммуникациялық алаң беріп қана қоймай, діни мағына қалыптастырудың жаңа тәсілдерін ашқанын айтады (J. Müller, Religions, 2024). COVID-19 пандемиясы кезеңінде діннің трансформациясы айқын байқалды. Мәселен, арнайы жүргізілген зерттеуде шіркеулердің 42 пайызы ZOOM платформасын, ал 35 пайызы әлеуметтік желілердегі тікелей эфирді қолданғаны анықталған (The Pandemic Church: Adapting to a Digital Culture and On-Demand Context, 2022). Бұл цифрлық діндарлықтың күрт жеделдеуін көрсетеді.
H. A. Campbell өзінің жазған еңбегінде онлайн және офлайн тәжірибенің бір-бірімен тығыз байланыста екенін атап өтеді. Оның айтуынша, «цифрлық дін» – дәстүрлі сенімнің баламасы емес, оны толықтыратын кеңістік (Digital Religion, Springer, 2025). Ал G. Evolvi 2021 жылғы мақаласында «digital religion» ұғымын сын тұрғысынан талдап, интернеттің діни тәжірибеге ықпалы әрқашан бірмәнді емес екенін, кейде сенімнің күшеюіне, кейде фрагментациясына алып келетінін көрсеткен (Current Sociology, 2021). Онлайн-шіркеулер тәжірибесі де зерттеулерде жиі айтылады.
Мәселен, АҚШ-та құрылған VR Church виртуалды шомылдыру рәсімін ұйымдастырып, қауым мүшелерін арнайы қосымшаларда біріктіргені Wired басылымында талданған (Wired, 2019). Ал Үндістандағы діни стартаптар пандемия кезінде онлайн-қызмет көрсетіп, үлкен қаржы тартқаны The Verge сайтында жарияланды (The Verge, 2024).
Бірақ зерттеулер сандық діндарлықтың тәуекелдерін де айқындайды. Мәселен, COVID-19 кезеңінде цифрлық теңсіздікке байланысты ауылдық жерлердегі қауымдар интернет арқылы діни қызметтерге қатыса алмағаны жазылған (Wired, 2020). Сонымен қатар онлайн кеңістікте жалған немесе радикалды контенттің таралу қаупі жоғары екені де айтылған.
Зерттеулер көрсеткендей, сандық діндарлық қазіргі қоғамда орныққан құбылысқа айналды. Ол діни тәжірибеге қолжетімділікті арттырса да, дәстүрлі қауымдастықтағы бетпе-бет қарым-қатынасты толық алмастыра алмайды.
Сондықтан ғалымдар, дін өкілдері мен қоғам қайраткерлері виртуалды кеңістіктегі діни тәжірибені дұрыс бағытта дамытуға мән беруі қажет.
Зерттеулер көрсеткендей, интернет діни тәжірибеге жаңа мүмкіндік берумен қатар, белгілі бір қауіп те тудырады. Мәселен, ғалым G. Evolvi (2021) онлайн-діндарлық кейде сенімді күшейтіп, кейде оны бөлшектеп жіберетінін атап өтеді. Яғни виртуалды ортада кез келген адам діни ақпарат тарата алады, ал оның шынайылығы әрдайым тексерілмейді. Бұл әсіресе жастар үшін қауіпті, себебі олар жаңа ақпаратты тез қабылдап, сын көзбен қарамай сеніп қалуы мүмкін. Wired (2020) басылымы COVID-19 кезінде онлайн уағыздардың көбейгенін, бірақ сонымен бірге радикалды топтардың да интернетті белсенді пайдаланғанын жазған. Бұл қоғамға қауіп төндіретін құбылыс.
Сондықтан Қазақстан жағдайында діни ақпаратты дұрыс арнадан алу өте маңызды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ресми бекіткен уағыздар мен онлайн-лекторияларды ұстану жастарды адасудан қорғайды. ҚМДБ-ның ресми сайтында, «Mүфтият» қосымшасында немесе мешіттердің әлеуметтік парақшаларында жарияланған уағыздар – сенімді дереккөз. Жастар үшін маңыздысы – интернеттегі кез келген діни мәліметті қабылдамай, оның қайдан шыққанын тексеру. «Бәрін тыңдай берме, сенімді арналарды таңда» қағидасы осы жерде ерекше мәнге ие.
Не істеу керек?
• Ақпараттың дереккөзін тексеру. Әсіресе діни мазмұндағы бейнероликтер мен жазбаларды қарағанда олардың ресми діни мекемеден шыққанына көз жеткізу.
• ҚМДБ бекіткен уағыздарды тыңдау. Бұл – діни білімнің сенімді әрі қоғамға пайдалы бағытта берілуінің кепілі.
• Дін мен ғылымды ұштастыру. Сандық діндарлықты толық жоққа шығару мүмкін емес, бірақ оны дұрыс бағытқа бұру қажет. Рухани құндылықтар тек мешітте немесе шіркеуде ғана емес, интернетте де дұрыс түсіндірілсе, жастардың имандылығы артады.
• Сын тұрғысынан ойлау. Жастарға кез келген діни мәлімдемені тек біржақты қабылдамай, сұрақ қойып, сенімді ұстаздардан кеңес алуды үйрету.
• Радикалды контенттен сақтану. Онлайн кеңістікте күмәнді топтарға кірмеу, жалған уағызшылардың жетегінде кетпеу – әрбір адамның жауапкершілігі.
Сандық діндарлық – заман талабы. Интернет арқылы діни білім алу, уағыз тыңдау, виртуалды қауымдастыққа қатысу – қалыпты құбылысқа айналды. Бірақ бұл кеңістіктегі қауіптерді ескеріп, дұрыс бағдар ұстану маңызды. Әсіресе жастар үшін ең сенімді жол – ҚМДБ бекіткен уағыздарды тыңдау, ресми діни арналарды таңдау және жалған ақпаратқа сын көзбен қарау. Сонда ғана цифрлық дәуірде имандылықты сақтап, қоғамға пайдалы рухани кеңістік қалыптастыруға болады.