×

Рухани келісім - болашақ ұрпақтың қолындағы аманат

Adal Adam 21.10.2025 | 16:27
Рухани келісім - болашақ ұрпақтың қолындағы аманат
Фото: Adaladam.kz

Бүгін Алматыдағы Caspian University-дің «Dostyk hall» конференц-залында Рухани келісім күніне арналған «Рухани келісім – Қазақстандағы бірлік пен бейбітшіліктің негізі» атты Республикалық форум болып өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің, ғылыми қауымдастық пен азаматтық сектордың өкілдері жиналды, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Пленарлық отырыста Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Сейфуллин, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор, PhD докторы Ахмед Хусейн Мұхаммед Ибраһим, дінтанушы, теолог, «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Асанов, Наварра университетінің (Испания) моральдық теология саласындағы PhD докторы, KIMEP университетінің қауымдастырылған профессоры Santiago De Lasala Porta (Сантьяго Де Ласала Порта), Maqsut Narikbayev University Ислам және қазақ құқығы орталығының директоры Асқар Сабдин және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) стратегиялық талдау бөлімінің жетекшісі Елнар Берікбаев сөз сөйледі. Форумды Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов жүргізді.

Аталмыш форумда қазіргі қоғамдағы діни және рухани құндылықтардың рөлі туралы тұщымды пікірлер ортаға салынды. Сондай-ақ бұл форум көптің көкейінде жүрген түйткілді мәселелерді талқылауға арналған басты қоғамдық диалог алаңы болды. Мұнда цифрландыру үдерісі мен жастардың дүниетанымдық бағдарларының өзгеруі сияқты жаңа сын-қатерлер жағдайында рухани келісімнің маңыздылығы қарастырылды.

Пленарлық отырыста діндер арасындағы рухани байланыс мәселесі сөз болды. Алғашқы болып сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков: «Бүгін біз барлығымыз еліміз үшін ерекше мәні бар Рухани келісім күнін атап өту мақсатында жиналып отырмыз. Бұл күн бейбітшілік пен өзара түсінушіліктің, төзімділік пен бірліктің символы. Қазақстан түрлі ұлттар мен дін өкілдері тату өмір сүріп жатқан бірегей мекен. Бұл біздің елдің ең үлкен жетістіктерінің бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Рухани келісім күні ел өмірінде ерекше орын алып келеді. Ол татулық пен тұрақтылықты сақтау, ұлттық және діни құндылықтар идеясын нығайтады. Қазіргі жағдайда рухани келісім мен өзара сыйластықты сақтау еліміздің дамуының негізгі шарты. Алматы қаласы Қазақстанның рухани, мәдени және ғылыми орталығы ретінде бұл бағыттағы бастамаларды әрқашан қолдап келеді. Біздің басты мақсатымыз – жастардың бойына төзімділік, сыйластық және отансүйгіш қасиеттерін түсіндіру. Себебі рухани келісім ­– болашақ ұрпақтың қолындағы аманат», – деді. Сонымен қатар оңтүстік астанада халықаралық конференциялар, мәдени форумдар, дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттайтын түрлі жобалар жүзеге асырылып жатқанын алға тартты.     

Форумның мақсаты – конфессияаралық диалог дәстүрлерін нығайту, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қорытындыларын талқылау, сондай-ақ Қазақстан өңірлері арасында бейбітшілік, өзара құрмет пен толеранттылық идеяларын ілгерілету тәжірибесімен алмасу.

Форум аясында үш панельдік сессия өтті: 1) Ортақ болашақ жолындағы мемлекет, қоғам және діни бірлестіктердің әріптестігі; 2) Жастар және рухани құндылықтар: ұрпақтар диалогы; 3) Жасанды интеллект дәуіріндегі этика және рухани бағдарлар

Қатысушылар рухани және адамгершілік құндылықтардың дәстүрлі негіздері мен технологиялық дамудың арасындағы тепе-теңдікті сақтаудағы маңызын талқылады. Сондай-ақ қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайту жолында мемлекет, дін және азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетіктері қарастырылды.

Екінші болып сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова форумға қатысты ойын былайша бөлісті: «Бүгінгі басқосуымыз бәрімізге ортақ бір сенімді, бір идеяны, бір құндылықты ұлықтауға арналған ерекше күн. Бұл қоғамды біріктіретін, елді ұйыстыратын ең асыл ұстанымдарды еске алатын сәт. Ата Заңымыз – Конституциямыз өзегінде әрбір қазақстандық азаматтың бейбітшілік пен келісімде өмір сүру құқығы нақты бекітілген. Бұл қағида біздің елдік болмысымыздың, мемлекетіміздің мызғымас тамыры». Сонымен қатар Сенат депутаты жаһандық өзекті мәселелерді де тілге тиек етті. Қазір әлем дауылды теңіз секілді екенін, геосаяси ахуалдың күрделенуі, радикалдық идеялардың таралуы, сенім дағдарысы адамдар арасындағы алшақтықты арттырып келе жатқанын алға тартты. Міне, осындай сындарлы сәтте рухани келісім желкен емес, айлақ. Ол адасқанға бағыт беретін шамшырақ сенім мен татулықтың тірегі екенін жеткізді.

Келесі болып сөз алған дінтанушы, теолог, «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Асанов: «Жалпы біздің мемлекетіміз шынайы діни тұрақтылықтың, барлық діндердің үйлесімін, үндестігін тапқан мемлекеттің бірі. Біздің елімізде діни догмалық емес, бізде конституциялық құқықтар алдыңғы қатардан тұратын мемлекет. Осы жерде зайырлылықты алға қойған мемлекетіміздің бүгінгі өсіп-өніп келе жатқан бағыты өте қарқынды. Астана қаласында сегізінші рет өткен әлемдік дәстүрлі діндер лидерлерінің көшбасшыларының сегізінші рет біздің ұлы даламызға жиналуы – бұл біздің шынайы бағытымыз дұрыс екенін көрсетеді», – деді. Сонымен біпге Н. Асанов екі өзекті мәселені алға тартты: оның бірі – кез келген дін өкілдері насихат айтқан кезде өзге діндерді төмен түсірмеуге, мемлекет басшысы айтқандай, олардың діни кітаптарына, сенім дүниелеріне ерекше құрметпен қарауға шақырды. Өйткені өзге діндердің кітабы, олардың сенімі, мейлі олардың сенімі сіздің сеніміңізбен сәйкес келсе де, сәйкес келмесе де кейбір жердегі уағыз-насихаттарда немесе діни шақыруларда өзге діндердің өкілдерін масқаралап, төмен түсіретін жайларды жиі бақылаймыз. Сіздің сенім-нанымыңызға келмесе, өзгені төмен түсіру – бұл дұрыс емес әрі заңымызға қайшы келетінін жеткізді. Ал екінші мәселе – өзге ұлттың өкілдері, егер сіздің дініңізге кіретін болса, онда сол сіздің дінге кірген адамды жарнамалауды қою керек. Қай дінді қабылдайды – ол әркімнің конституциялық құқығы. Егер өзге ұлттарды біздің дінге кірді деп мақтасақ, тура сол сияқты өзге ұлт конфессиялары да біздің қаракөздерді олардың дініне кіргенін көрсетіп жарнамаласа – бұл шын мәнінде мемлекетте алауыздық тудыратын қасіретті дүниеге алып баруы ықтимал екені айтты.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Сейфуллин: «Рухани келісім күні – халқымыздың татулығын, өзара құрмет пен сенімді нығайтатын дінаралық және ұлтаралық үйлесімділікті дәріптейтін ерекше күн. Бұл күн бізге ел дамуының басты кепілі екенін тағы да есімізге салды. Біздің ең басты құндылығымыз – ел бірлігі мен қоғамдық келісім. Халқымыздың «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі бар ел озады» деген сөзі осы форумның мәнін айқындайды», – дей отырып, осы маңызды шараны ұйымдастырған Алматы қаласының әкімдігіне және ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. 

Аталмыш форумға қатысушылардың бәрі дерлік дін мен руханият саласының өкілдерінен құралды. Жиналған көпшілік спикерлерді мұқият тыңдап, форум соңына қарай сала мамандарына сұрақтарын қойып жатты. Пленарлық отырысқа жиналған қауым, дін мен дәстүр сабақтастығына ден қойып, мәдени және рухани келісім тақырыбына қатысты көкейде жүрген сұрақтарына жауап алып қайтты.    

Қазақстанда «Рухани келісім күні» 1992 жылы Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің бірінші сессиясы кезінде белгіленді. Бұл күні Алматыда діни бірлестіктер мен ғылыми қауым өкілдері бас қосып, қақтығыстар мен қақтығыстарға мораторий жариялауға, бітімге келуге, өзгелерге көмектесуге шақыратын манифест жариялады. «Рухани келісім күні» –  дінаралық және ұлтаралық келісімге негізделген қоғамдық тұрақтылықтың қазақстандық үлгісін бейнелейді. Қазақстандық қоғамдағы рухани келісімнің жоғары мақсаты – зайырлы және діни руханият арасындағы үйлесімді тепе-теңдікті сақтау, сондай-ақ заманауи өркениет құндылықтарын дәріптеп, нығайту мақсатында дінаралық әріптестік үшін жағдайларды қамтамасыз ету.

        

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ