×

Астанада білім мен ғылымдағы коучингтің рөліне арналған алғашқы қазақтілді дөңгелек үстел өтті

Даурен Омаров 15.05.2026 | 14:42
Астанада білім мен ғылымдағы коучингтің рөліне арналған алғашқы қазақтілді дөңгелек үстел өтті
MNU

2026 жылдың 12 мамырында Астана қаласындағы Maqsut Narikbayev University-де Халықаралық коучинг апталығы аясында «Коучингтік білім беру мен ғылымды дамыту құралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Бұл жиын Халықаралық коучинг федерациясының (ICF Kazakhstan Charter Chapter) қазақстандық бөлімшесі мен MNU-дің бірлесе ұйымдастыруымен алғаш рет толығымен мемлекеттік тілде өткізілді.

Шара барысында ICF Қазақстан бөлімшесінің директоры Ғалымбек Бермағанбетов модераторлық етіп, коучингтің қазақ тіліндегі дамуы мен кәсіби стандарттарды енгізу мәселелерін ортаға салды. Спикерлер ретінде MNU Business School директоры Әсел Әбілдаева, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының директоры Алибек Мадибеков, KIT жаһандық экосистема құрылтайшысы Даурен Бимов, документалист Ғабит Бөкенбай, ICF сарапшысы Назгүл Күнбатырова, Oxford Brooks Business School аға лекторы Санат Қожахмет және AIU оқытушысы Әсия Әбілдина қатысты.

Сарапшылар коучингтің тек тұлғалық даму емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыратын және стратегиялық басқаруды жетілдіретін маңызды құрал екенін атап өтті. Жиын аясында коучингтің білім беру саласындағы рөлі, ғылымдағы жаңа мүмкіндіктері және кәсіби қауымдастықты нығайту жолдары жан-жақты талқыланды.

Айта кетейік, Халықаралық коучинг федерациясы (ICF) 140-тан астам елде 50 мыңнан астам сертификатталған мамандарды біріктіретін әлемдегі ірі кәсіби ұйым. Жыл сайын мамыр айында өткізілетін Халықаралық коучинг апталығы (ICW) биыл Қазақстанда коучинг мәдениетін жаңа деңгейге шығаруды және мемлекеттік тілдегі кәсіби контентті көбейтуді көздейді.