×

Интернеттегі күмәнді уағыздардан қалай сақтануға болады?

Adal Adam 07.09.2026 | 16:16
Интернеттегі күмәнді уағыздардан қалай сақтануға болады?
Фото: pixabay.com

XXI ғасырда интернет діни ақпарат іздеудің де негізгі құралдарының біріне айналды. Әлеуметтік желілер мен түрлі платформалардан дін туралы көптеген мәлімет табуға болады. Алайда олардың барлығы бірдей сенімді емес. Діни мазмұндағы пайдалы ақпаратпен қатар, деструктивті діни ағымдардың идеологиясына негізделген күмәнді материалдар да кездеседі, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Дәстүрлі емес діни ағымдар интернет мүмкіндіктерін өз идеологиясын таратып, жаңа адамдарды қатарларына тарту үшін пайдаланады. Әсіресе өмірлік көзқарасы әлі толық қалыптаспаған жастар олардың ықпалына түсуі мүмкін. Әлеуметтік желілердегі уағыздар, бейне және аудиожазбалар арқылы радикалды көзқарастар таратылады.

Діни ақпарат іздеген адам іздеу жүйелері арқылы да күмәнді ресурстарға кездейсоқ тап болуы ықтимал. Мұндай материалдарда «жиһад», «шейіт болу» сияқты діни ұғымдарға бұрмаланған мағына берілуі мүмкін. Діни сауаты жеткіліксіз адам мұндай ақпараттың дұрыстығын ажырата алмай, оны шынайы діни білім ретінде қабылдауы ықтимал.

Күмәнді ресурстардың барлығы ашық түрде радикалды сипатта бола бермейді. Кейбір сайттар өзін исламға арналған ақпараттық портал ретінде таныстырғанымен, мазмұны дәстүрлі діни ұстанымдарды әлсіретуге, мұсылмандар арасында жік салуға бағытталуы мүмкін. Мысалы, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы келетін көзқарастар немесе намаз бен оразаны орындамағандарды кәпір деп бағалайтын тұжырымдар таралуы ықтимал.

Сондықтан интернеттегі кез келген уағызшының сөзіне бірден сенбей, ақпараттың дереккөзін тексеру маңызды. Күмәнді парақшалардан, белгісіз уағызшылардан аулақ болып, діни мәліметті сенімді ресурстардан алған жөн. Ақпаратты саралай білу және сыни ойлау — ақпараттық иммунитетті қалыптастырудың маңызды бөлігі.

Діни сауаттылық та күмәнді идеологиядан қорғанудың негізгі жолдарының бірі. Діни білімді мешіттердегі сауат ашу курстарынан, ҚМДБ-ның ресми мешіттері мен медреселеріндегі білікті ұстаздардан алған дұрыс. Ал түсініксіз немесе күмәнді діни мәселе туындаса, дінтанушыға, мешіт имамына немесе ҚМДБ жанындағы Діни оңалту бөлімінің мамандарына жүгінген жөн.

Интернеттен діни ақпарат іздеу адамның өзіне жүктелетін жауапкершілікті арттырады. Сенімді дереккөзді таңдау, алынған мәліметті саралау және қажет кезде маманнан кеңес алу — діни қауіпсіздікті сақтаудың маңызды тетіктері.