×

Ақтауда VIII халықаралық студенттік «Caspian Games – 2026» ойындары аяқталды

Adal Adam 10.10.2026 | 12:41
Ақтауда VIII халықаралық студенттік «Caspian Games – 2026» ойындары аяқталды

5–9 қазан аралығында Ақтаудағы Yessenov University базасында VIII халықаралық студенттік «Caspian Games – 2026» ойындары өтті. Жарысқа Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан университеттерінің студенттері қатысты.

Бес күнге созылған спорттық додада қатысушылар спорттың 10 түрі бойынша бақ сынады. Олар баскетбол, волейбол, футзал, жеңіл атлетика, жүзу, бокс, каратэ-до, самбо, шахмат және киберспорттан жарысты.

Ойындардың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Атырау университеті бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Астрахань мемлекеттік техникалық университеті иеленсе, үшінші орын Дағыстан мемлекеттік университетіне бұйырды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері жоғары спорттық нәтижелері үшін марапатталды.

«Каспий ойындары – тек спорт пен медальдар ғана емес. Бұл, ең алдымен, елдеріміздің жастары арасындағы достық, өзара құрмет пен шынайы қарым-қатынас», – деді Yessenov University ректорының міндетін атқарушы Е.Т. Нұрмағамбетов.

Айта кетейік, «Каспий ойындарының» тарихы 2000 жылдан басталады. 2024 жылы VII ойындар Астрахань қаласында өткен болатын. Дәстүрлі жарыс Каспий маңы елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, студенттік спортты дамытуға және жастардың мәдени, білім беру байланыстарын кеңейтуге бағытталған.

Ақтауда өткен VIII халықаралық студенттік ойындар да жастардың спорттық шеберлігін шыңдап, елдер арасындағы достық пен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Іс-шараны ұйымдастыруда Yessenov University маңызды рөл атқарды.