«Еркекті теуіп, үстінен аттауда қандай идея бар?»: Тұрар Сәттарқызы Баян Алагөзованы сынады
Этнограф Тұрар Сәттарқызы Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында продюсер Баян Алагөзова мен KeshYou тобының сахнадағы қойылымына қатысты пікір білдірді. Ол өзінің продюсермен немесе топ мүшелерімен жеке бас араздығы жоқ екенін айтып, сыны ұлттық құндылық пен ұрпақ тәрбиесіне қатысты екенін жеткізді.
«Баян Мақсатқызының ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құндылыққа қатысты айтқан ойларына қарсы үнемі жазып келем. Хейтерлер “оны көре алмайсың” деп жатады. Алты аласым, бес бересім жоқ, айналайындар. Ол ұлттың құндылығына тиіспесін. Ол ұрпақтың тәрбиесінің кері кетуіне әсер етіп жатыр», – деді Тұрар Сәттарқызы.
Этнографтың сыны KeshYou тобының сахналық қойылымдарының біріндегі ер адамды тебу және оның үстінен аттап өту көрінісіне қатысты болды. Оның пікірінше, мұндай әрекетті сахналық қойылым деп қарауға болмайды.
Тұрар Сәттарқызы қазақ дүниетанымында ер адамның үстінен, тіпті аяғынан аттамау, бас киімін жерге тастамау секілді тәрбиелік ұстанымдар бар екенін атап өтті. Сонымен бірге ол мұны әйелдің құқығын төмендету деп қабылдамау керектігін айтты.
«Біздің қазақ қоғамында ердің де, әйелдің де құқығы бірдей. Бірақ ер азамат бәрібір бас, ал біз нәзік әйелміз», – деді ол.
Этнограф сахнада ер адамға да, әйелге де күш қолдануды бейнелейтін әрекеттерді көрсетуде жауапкершілік болуы керек деп санайды. Оның сөзінше, қоғам тұрмыстық зорлық-зомбылық пен мектептегі буллинг мәселесін талқылап жатқан кезде көпшілікке арналған сахнадағы мұндай көріністердің қандай месседж беретініне мән берген жөн.
«Жалпы, ер азамат болсын, әйел болсын, сахнада бұлай жасауға болмайды. Мұндағы месседж қандай? Идея қандай? Еркекті бір теуіп, үстінен аттап кетудегі ойды продюсер түсіндіріп айта ала ма? Кез келген уақытта еркекке солай істеуге болады дегені ме?» – деді Тұрар Сәттарқызы.
Ол әсіресе мұндай қойылымдарды жастар мен балалар көретінін айтып, сахнада зорлық-зомбылықты қалыпты құбылыс ретінде көрсетпеуге шақырды.
Сұхбат барысында этнограф қазіргі қоғамда жастарға кімдердің үлгі болып жүргені туралы да мәселе көтерді. Оның пікірінше, ұлттық тәрбие мен дәстүрді насихаттайтын тұлғаларға қарағанда шоу-бизнес өкілдерінің ықпалы күшейген.
Айта кетейік, сұхбаттың толық нұсқасы Adal Adam YouTube арнасында жарияланды.