Жаңа тарихи кезең: Сапалы экономикалық өсімге бағытталған стратегиялық қадамдар
"Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап, терең талдау мен дәйекті шешімдер қабылдауды талап етеді.
Құрылтай отырысына қатыса отырып, Жолдаудың экономикалық бөлігіне, әсіресе өндірістік әлеуетті нығайту, инвестициялық белсенділікті арттыру, энергетикалық тәуелсіздік және қаржы ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аудардым.
Бүгінгі таңда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстар қорымен ғана емес, шикізатты терең өңдеу және озық технологияларды енгізу қабілетімен де айқындалады.
Жолдаудағы ең маңызды міндеттердің бірі – банк секторын экономиканың нақты салаларын инвестициялық кредиттеуге белсенді тарту.
Отандық банктердің активтері 75 триллион теңгеден асып, депозиттер көлемі 52 триллион теңгеге жеткенімен, қаржы институттарының кәсіпкерлік пен өндіріс секторын дамытуға тиімді ықпал етуі маңызды.
Банктер бизнесті инвестициялық кредиттеуге барынша белсенді қатысуға тиіс, өйткені бұл – олардың негізгі миссиясы.
Өнеркәсіп кәсіпорындарын, қайта өңдеу өндірістерін және технологиялық жаңғырту жобаларын қаржыландыруда ұзақ мерзімді қолжетімділік қажет. Отандық өндіруші үшін бұл тек төмен пайызы емес, сонымен қатар қаржыландыру мерзімінің оңтайлы болуы, кепілдік шарттарының қолайлылығы және өтеу кестесінің жоба ерекшеліктеріне сәйкестігі.
Макроэкономикалық жағдайды ескере отырып, тек әкімшілік жолмен пайыздық мөлшерлемені төмендету инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін, сондықтан бұл тәуекелдерді басқарумен қатар жүруі тиіс.
Екінші маңызды бағыт – өңдеу өнеркәсібін дамыту және отандық шикізатты терең өңдеу. Шикізат экспорты табыс әкелгенімен, оны ел ішінде өңдеу жаңа жұмыс орындарын ашып, салық базасын кеңейтеді.
Агроөнеркәсіптік кешенде жеңілдетілген қаржыландыру көлемі ұлғайғанымен, сала құрылымын өзгерту үшін ұзақ мерзімді инвестициялар қажет. «Бәйтерек» холдингінің тамақ өнеркәсібінде 500 миллиард теңгеден асатын жобалар тізбесін қалыптастыруы – осы бағыттағы маңызды қадам. Заманауи өнеркәсіпті дамыту сенімді энергиямен жабдықтаусыз мүмкін емес.
Жолдауда 2029 жылға қарай тұрақты энергетикалық профицитті қамтамасыз ету міндеті қойылды. Атом энергетикасын дамыту бағыты мен уранның мемлекеттік стратегиялық қорын қалыптастыру бастамасы энергетикалық саясатты ұзақ мерзімді жоспарлау қажеттігін көрсетеді.
Инфрақұрылымымызды кешенді жаңғыртуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланған. Бұл қаражатты пайдалануда экономикалық және әлеуметтік қайтарымға қойылатын талаптар қатаң болуы тиіс.
Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мен жаңа заманауи көлік тораптарын қалыптастыру отандық кәсіпкерлікті нығайтуға үлес қосады.
Іскерлік ортаны жетілдіру мақсатында жаңа Салық кодексіндегі қайшылықтарды жою және микро мен шағын бизнеске тексерулерге үш жылдық мораторий енгізу мәселелерін қарастыру – уақтылы қабылданған шешімдер.
Заңды реттеу мен цифрлық экономиканы қалыптастыру халықтың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтудің негізіне айналуы тиіс.
Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыру заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарының бірлескен жұмысын талап етеді. Елдің экономикалық дербестігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз.
Динара Райханова
Қазақстан Республикасы Кұрылтайының депутаты,
Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика Комитетінің мүшесі