«Отбасын қаншалықты көп пиар қылса, жағдайы да соншалықты нашар»: психолог
Психолог, «Отбасы академиясының» негізін қалаушы Ержан Мырзабаев Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында танымал адамдардың жеке өмірін әлеуметтік желіде жариялауы және оның отбасылық қарым-қатынасқа ықпалы туралы пікір білдірді.
Сұхбат барысында журналист Дәурен Сейітжанұлы Нұрсұлтан Жақсыген, Жанель Мақажан және Тұрсынбек Қабатовтың отбасылық өміріне қатысты қоғамда талқыланған оқиғаларды мысалға келтірді. Ол көпшілікке бақытты отбасының бейнесін көрсетіп жүрген танымал адамдардың кейін жеке өміріндегі мәселелерді әлеуметтік желіде жариялап, жұрттың талқысына салатынын айтып, мұның қандай салдары болуы мүмкін екенін сұрады.
Ержан Мырзабаевтың пікірінше, отбасылық өмірді мүмкіндігінше көпшілікке жария етпеген дұрыс. Себебі әлеуметтік желі жеке естеліктерді сақтайтын отбасылық альбом емес.
«Жеке өмірді мүмкін болғанша әлеуметтік желіге салмау керек. Әлеуметтік желі – отбасылық альбом емес. Бәрін салып, сақтап қоятын. Оны қаншама адам көреді. Бірақ жұлдыздардың көбінің айналысатыны осы. Бұлар пиар үшін айналысады», – деді психолог.
Ол шынайы бақытты немесе табысты адамның өзін өзгелерге дәлелдеуге тырыспайтынын айтты.
«Бақытты адам біреуге бақытты екенін көрсетуді қаламайды. Табысты адам да жан-жағына “табыстымын” деп айқайламайды. Бәрі үнсіз қалады. Қаншалықты көп пиар, көрсету, айқай болатын болса, соншалықты ол отбасындағы жағдай нашар деп айтар едім», – деді Ержан Мырзабаев.