«Толық ревизия керек»: Болатбек Нәжметдинұлы ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік қолдауды тексеруді ұсынды
Мәжілістің 8-шақырылым депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Қазақстанның ауыл шаруашылығын Канада және Австралиямен салыстырды, салаға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесіне толық ревизия жүргізу қажет деп есептейтінін жазды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында мәлімдеді.
Автор бұған дейін Қазақстанды Өзбекстан және Ресеймен салыстырғанын айтып, оған «Өзбекстанның климаты басқа, суармалы жері көп», «Қазақстанда жер құрғақ, жайылым көп, арақашықтық үлкен» деген уәждер айтылатынын атап өтті. Сондықтан бұл жолы табиғи-климаттық жағдайы жағынан Қазақстанмен салыстыруға келетін Канада мен Австралияны мысалға алған.
Оның түсіндіруінше, Канада – климаты суық, аумағы үлкен, астық пен майлы дақылдар өсіретін мемлекет. Австралияда керісінше климат құрғақ, су тапшы, аумағы орасан және ауыл шаруашылығы жерінің басым бөлігі жайылымнан тұрады. Яғни Қазақстанға қатысты жиі айтылатын климат, қашықтық және жайылым секілді факторлар бұл елдерде де бар.
Нәжметдинұлы халық санына да назар аударды. Қазақстанда шамамен 20,3 млн адам тұрса, Австралияда – 27,5 млн, Канадада – 41,5 млн адам. Соған қарамастан, оның келтірген деректеріне сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісінің ақшалай көлемінде айтарлықтай айырмашылық бар.
2024 жылғы көрсеткіштерді ол былай салыстырды: Қазақстан – шамамен 17,7–18 млрд доллар, Австралия – 60 млрд доллар, Канада – 67 млрд доллар көлемінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірген.
«20 млн халық – $18 млрд өнім. 27,5 млн халық – $60 млрд. 41,5 млн халық – $67 млрд. Әрине, халық санының өзі бәрін шешпейді. Бірақ экономикалық нәтиженің ауқымы көрініп тұр», – деп жазды автор.
Ол жер көлемін салыстырғанда да Қазақстанның әлеуетіне назар аударады. Оның дерегінше, Қазақстанда шамамен 214 млн гектар ауыл шаруашылығы жері, Канадада шамамен 62 млн гектар фермерлік жер бар. Австралияда ауыл шаруашылығы жері Қазақстаннан да көп және оның негізгі бөлігі – жайылым.
Сондықтан автор «Қазақстанда жайылым көп болғандықтан, гектарға шаққандағы көрсеткіш төмен» деген уәж Австралиямен салыстырғанда барлық айырмашылықты түсіндірмейді деп есептейді.
Өсімдік шаруашылығындағы гектарға шаққандағы ақшалай өнімді де салыстырған. Оның есебінде Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 450 доллар, Австралияда – 770 доллар, Канадада – 1 000 доллар.
Астық өнімділігі бойынша да айырмашылық бар екенін көрсеткен. Қазақстанда 2024 жылы дәнді және бұршақты дақылдардың орташа өнімділігі гектарына шамамен 1,5 тонна болған. Ал ол салыстыру үшін Австралиядағы бидай өнімділігін – шамамен 2,7 тонна, Канададағы көрсеткішті 3,4 тонна деп келтіреді. Сонымен бірге автор статистикалық санаттардың бірдей еместігін – Қазақстан бойынша дәнді және бұршақты дақылдардың орташа көрсеткіші, ал Австралия мен Канадада бидай көрсеткіші алынғанын өзі ескертеді.
Нәжметдинұлының негізгі сұрағы мемлекеттік қолдауға келгенде туындайды. Ол OECD-дің Producer Support Estimate (PSE) көрсеткішін келтіріп, 2022–2024 жылдары фермердің жалпы түсіміндегі мемлекеттік қолдаудың есептік үлесі Қазақстанда 10,8%, Канадада 8,2%, Австралияда 2,7% болғанын жазды.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіштерді мемлекет фермерге дәл осынша ақшаны тікелей береді деп түсінуге болмайды. PSE құрамына бюджеттік және баға арқылы көрсетілетін қолдау да кіреді. Алайда автор үш елдің мемлекеттік қолдау деңгейі мен ауыл шаруашылығының экономикалық нәтижесін қатар қарастыру қажет деп есептейді.
Қазақстанда 2024 жылы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 580 млрд теңгеге дейін жеткізіліп, фермерлер үшін мөлшерлеме 5%-дан аспағанын атап өтті. Ал 2025 жылы АӨК-ті жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеден асқанын жазды.
Бұған қоса, Қазақстанда субсидия, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, жеңілдетілген лизинг, кепілдік, техника мен тыңайтқыш сатып алуға арналған қолдау бар.
Автор бұл көмекті қысқартуды немесе алып тастауды ұсынып отырған жоқ. Оның көтеріп отырған мәселесі – мемлекет жұмсаған әр теңгенің нақты экономикалық қайтарымы қандай?
«Мәселе қанша ақша игерілгенінде емес. Мәселе: бір гектар қанша өнім берді, өнімділік қанша өсті, қанша қайта өңдеу пайда болды, экспорт қанша артты, қанша салық төленді, қанша жұмыс орны ашылды?» – деп жазды Болатбек Нәжметдинұлы.
Оның пікірінше, Канада мен Австралияның мысалы Қазақстандағы ауыл шаруашылығының нәтижесін тек климатпен, жер көлемімен немесе логистикамен түсіндіру жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондықтан жаңа бағдарламалар қабылдағаннан бұрын қолданыстағы қолдау тетіктерінің нәтижесін жан-жақты тексеру керек.
«Сондықтан бізге тағы бір жаңа бағдарлама керек деп ойламаймын. Қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған бағдарламалардың тиімділігіне толық ревизия керек: әр теңге мемлекеттік қолдаудан – әр гектардағы нақты нәтижеге дейін», – деп жазды ол.
Нәжметдинұлы алдағы уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымы, оның немен айналысатыны және жұмысының нәтижесін де жеке қарастыруға ниетті екенін жеткізді.