«Елге сөздеріңіз керек кезде неге үнсіз отырсыздар?»: Абзал Құспан Мусин мен Мәдиевке үндеу жасады
Бұрынғы Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан «Яндекс Такси» қызметіне қатысты туындаған жағдайдан кейін экс-министр Бағдат Мусин мен жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке үндеу жасады, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Абзал Құспан Facebook парақшасында соңғы күндері «Яндекс Такси» қызметіне байланысты отандық «Апару» және «Қажет» такси сервистерінің төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатқанын жазды. Оның айтуынша, бұл мәселе әсіресе қазақтілді ортада кеңінен талқылануда.
Заңгер екі азаматты Қазақстандағы цифрландыру саласының дамуына үлес қосқан, Мемлекет басшысы сенім артқан басшылар ретінде бағалайтынын атап өтті.
«Осы уақытқа дейін екеуіңіздің де аттарыңызға бірде-бір сын айтқан емеспін. Депутат кезімде де “Болам деген жігіттің белін бу, пайдам тимесе де, зияным тимесін” деген ұстанымда болдым», – деп жазды ол.
Алайда Абзал Құспан отандық такси сервистеріне қатысты қалыптасқан жағдайға түсініктеме берілуі керек деп есептейді. Оның сөзінше, қоғамда жауапсыз қалған сұрақтар көп.
«Шынымды айтсам, көп нәрсе түсініксіз. Түсінбей отырғандардың бірі мен өзім. Міне, дәл қазір сіздердің ел алдына шығып, жағдайды түсіндіріп, бағыт-бағдар беретін уақыттарыңыз емес пе? Еліміздің цифрлық болашағына жауапты азаматтар осындай сәтте сөйлемегенде, қашан сөйлейді?» – деді заңгер.
Сонымен қатар ол бұл үндеуінің мақсаты аталған азаматтардың еңбегін жоққа шығару немесе жеке бастарын сынау емес екенін жеткізді.
«Сіздерге деген құрметім өзгерген жоқ. Жеке бастарыңызға да, атқарып жатқан жұмыстарыңызға да көлеңке түсіру ойымда жоқ. Бірақ бір нәрсені түсінбеймін: елге сөздеріңіз керек болып тұрған дәл осы сәтте неге үнсіз отырсыздар?» – деп жазды Абзал Құспан.
Осылайша, заңгер Бағдат Мусин мен Жаслан Мәдиевті отандық такси сервистеріне қатысты қоғамда туындаған сұрақтарға ашық жауап беруге шақырды.