×

Жастардың сайлауға қатысу белсенділігі ерекше маңызға ие – Бағдат Әуешова

Adal Adam 29.11.2026 | 17:30
Жастардың сайлауға қатысу белсенділігі ерекше маңызға ие – Бағдат Әуешова
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің құқық және халықаралық қатынастар факультетінің деканы Бағдат Әуешова да қатысып, Ақтау қаласындағы №53 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Бағдат Әуешова мәслихат сайлауына қатысу тұрғындардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етуінің маңызды тетігі екенін атап өтті. Сайлау комиссияларында жұмыс тәжірибесі бар маманның айтуынша, азаматтардың саяси партиялардың бағдарламаларын зерттеуге деген қызығушылығы артып, құқықтық мәдениеті де жоғарылап келеді.

Маманның сөзінше, бүгінде университетте жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мәслихат сайлауы мен тамыз айында өткен Құрылтай сайлауына дейін студенттер арасында тақырыптық дөңгелек үстелдер мен пікірталастар ұйымдастырылған.

«Жастардың сайлауға қатысу белсенділігі ерекше маңызға ие. Себебі жергілікті деңгейде қабылданатын шешімдер олардың болашақта өмір сүріп, еңбек ететін ортасына тікелей әсер етеді. Жастардың дауыс беру процесіне қатысуы – құқықтық кемелдігінің және өңірдегі оң өзгерістерге деген қызығушылығының көрсеткіші», – деді Б. Әуешова.

27 жылдық педагогикалық тәжірибесі мен бұрын сайлау комиссиясының хатшысы болған қызметіне сүйене отырып, профессор халықтың құқықтық сауаттылығы едәуір артқанын атап өтті. Оның байқауынша, бүгінде сайлаушылар дауыс беруге саналы түрде қатысып, партиялық тізімдер мен кандидаттардың бағдарламаларын алдын ала зерделейді әрі әр дауыстың маңызын түсінеді.