×

Сайлаудағы танымал қазақстандықтар: журналистер мен блогерлер өз таңдауын жасады

Даурен Омаров 29.11.2026 | 16:41
Сайлаудағы танымал қазақстандықтар: журналистер мен блогерлер өз таңдауын жасады
ашық дереккөз

Мәслихат депутаттарын сайлау күні қоғамдық өмірдің түрлі саласының өкілдері де дауыс беруге қатысты. Сайлау учаскелеріне келгендердің арасында танымал журналистер, кәсіпкерлер мен блогерлер бар. Олардың кейбірі өз таңдауын жасап қана қоймай, азаматтардың өзі тұратын қала мен ел өміріне араласуының маңызы туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Дауыс беруге қатысқандардың бірі – «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертайұлы. Ол Астанадағы сайлау учаскесіне барып, мәслихат депутаттарын сайлауға қатысты. Оның айтуынша, дауыс беру азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік берді.

Дауыс бергендердің қатарында танымал журналист, публицист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Әбдірахманов та бар. Ол сайлауға қатысу үшін Астанадағы сайлау учаскесіне келді.

Дауыс беруге қатысқандардың қатарында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрайымы, кәсіпкер Гүлбану Майгарина да бар. Ол дауыс бергеннен кейін алған әсерімен қысқаша бөлісіп, азаматтық борышын орындағанын атап өтті.

«Азаматтық борышымды орындадым. Өз таңдауымды жасадым», – деді Гүлбану Майгарина.

Сайлаушылардың жеке жауапкершілігі туралы блогер, қоғам қайраткері Тәңірберген Бердоңғар да пікір білдірді. Ол сайлау учаскесіне жұбайымен бірге келді. Оның пікірінше, азаматтар өздері сенетін және округ тұрғындарының мүддесін қорғай алатын үміткерді қолдауы маңызды. Мұндай таңдау, оның айтуынша, кейін депутаттарға сұрақ қойып, ұсыныс білдіруге моральдық тұрғыдан негіз береді.

«Өз округіңде сенім артатын адамды таңдап, оған дауыс беру керек. Сонда кейін депутаттарға өз мүддеңді білдіру үшін жүгінуге моральдық тұрғыдан құқығың болады. Азаматтық ұстаным дегеніміз – осы», – деді Тәңірберген Бердоңғар.

Танымал журналистердің, кәсіпкерлер мен мәдениет өкілдерінің сайлауға қатысуы дауыс берушілердің жалпы белсенділігінің бір бөлігіне айналды. Олардың өзге азаматтармен бірге сайлау учаскелеріне келуі тұрғындардың қоғамдық өмірге араласатынын және өз қалалары мен өңірлерінің даму мәселелеріне бейжай қарамайтынын көрсетеді. Азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысуы мәслихат депутаттарын сайлаудың маңызын және жергілікті өкілді органдарды қалыптастырудағы әр сайлаушының рөлін айқындай түседі.

Дауыс беру жалғасып жатыр.