×

Қазақстандық ғалымдар мен өнер қайраткерлері мәслихат депутаттарын сайлауда белсенді дауыс беруде

Даурен Омаров 29.11.2026 | 14:22
Қазақстандық ғалымдар мен өнер қайраткерлері мәслихат депутаттарын сайлауда белсенді дауыс беруде
ашық дереккөз

Бүгін сайлау учаскелерінен танымал тұлғаларды – әртістерді, музыканттар мен ғалымдарды кездестіруге болады. Сондай-ақ сайлау учаскелерінде тұрғындарға арнап концерттік бағдарламалар ұйымдастырған шығармашылық ұжымдар да ерекше көңіл күй сыйлауда.

Қазақстанның халық артисі, белгілі опера әншісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Талғат Күзембаев Алматы қаласында дауыс беруге қатысты. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі, Қазақстанның қолданыстағы Мемлекеттік Әнұранын алғаш орындаған өнер иесі Әуезов ауданындағы №123 мектеп-гимназиясында орналасқан сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

«Алматы – өмірім мен шығармашылығым тығыз байланысты қала. Сондықтан оның болашағы мен тұрғындарының әл-ауқаты мен үшін маңызды. Сайланған депутаттар халықтың сенімін ақтап, қаламыздың дамуына елеулі үлес қосады деп үміттенемін», – деді Талғат Күзембаев.  

Қазақстанның халық әртісі, қазақ опера өнерінің аңызы, Алматы қаласының құрметті азаматы Бибігүл Төлегенова да мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты. Әнші үйінде дауыс берді. Бибігүл Төлегенова сайланған депутаттар тұрғындардың сенімін ақтап, қала игілігі үшін жемісті еңбек ететініне үміт білдірді.

Белгілі қазақстандық ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Асылы Осман сайлаудың елдің қоғамдық өміріндегі маңызы туралы ой бөлісті. Қазақ тілін дәріптеудегі еңбегімен танылған ғалым халықтың бірлігі, өзара түсіністік пен елдің дамуына ортақ жауапкершілік таныту маңызды екенін атап өтті.

Танымал қазақстандық композитор Ұлықпан Жолдасов та азаматтық жауапкершіліктің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, еліміздің болашағы әрқайсымыздың қолымызда. Әр дауыс маңызды, әр таңдау жауапты.

Ақтөбедегі №575 сайлау учаскесінде Ғ. Жұбанова атындағы филармонияның солистері Дулат пен Рита Айтжановтар дауыс берді. Танымал өнерлі жұп 1992 жылдан бері облыс орталығында тұрады. Осы уақыт ішінде олар қала мен ауылдық елді мекендерде болған көптеген өзгерістердің куәсі болған.

«Біз 1992 жылдан бері облыс орталығында тұрып келеміз. Осы жылдар ішінде Ақтөбенің жылдан-жылға көркейіп, ауылдық елді мекендердің де инфрақұрылымы жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз. Халықтың игілігі үшін барлық жағдай жасалуда. Сондықтан біз Ата Заңымызда берілген құқықты әрдайым пайдаланып, сайлауға белсенді қатысамыз. Өз таңдауымызды жасадық. Осылайша өлкеміздің – облысымыз бен қаламыздың дамуына өз үлесімізді қостық деп сенеміз», – деді ерлі-зайыптылар.

Еліміздің бірқатар өңірінде жергілікті шығармашылық ұжымдар сайлау учаскелеріне келген тұрғындарға арнап концерттік бағдарламалар дайындады.

Көкшетау қаласындағы №41 сайлау учаскесінде тұрғындар таңертеңнен бері белсенділік танытуда. Мұнда «Достар» мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті. Ал Қызылжар ауылындағы №1 сайлау учаскесінде «Көкше» мәдениет үйінің артистері концерттік бағдарлама ұсынды. Шығармашылық ұжымдардың өнері сайлауға келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Еліміздің барлық өңірінде дауыс беру жалғасуда.