Маңғыстаулықтар сайлауда белсенділік танытты: есте қалған ерекше сәттер
Бүгін, 29 қарашада Маңғыстау облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Таңертеңнен бастап өңір тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасады. Саяси науқан барысында облыстың әр ауданында есте қаларлық ерекше сәттер тіркелді.
Ақшұқыр ауылындағы №232 сайлау учаскесіне «Асыл әжелер» ансамблінің мүшелері ұйымшылдықпен келіп, дауыс берді. Ал Маңғыстау ауданындағы Сайөтес ауылында ауданның ең жас әкімі Дастан Тұрашев өз таңдауын жасап, науқанның өңір үшін маңыздылығын атап өтті.
Маңғыстаудағы өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген мұнайшылар да сайлауда белсенділік танытып, арнайы ұйымдастырылған учаскелерде дауыс берді.
Сайлау күні есімдері ерекше үйлескен азаматтар да көпшілік назарын аударды. Ақжігіт ауылының 1974 жылы туған тұрғыны Ақжігіт Избасаров туған ауылымен аттас болса, Бейнеу ауданының тұрғыны Сайлау Байбатыров пен Онды ауылының тұрғыны Сайлаугүл Сүйірбаеваның есімдері дауыс беру күнімен үндесіп жатты.
Спортшылар да сайлаудан тыс қалмады. Ақжігіт ауылындағы учаскеде қазақ күресінен әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Қазақстан Барысы» турнирінің күміс жүлдегері әрі «Дала қыраны» титулының иегері Нұрдәулет Жарылғапов азаматтық міндетін орындады. Сондай-ақ дзюдодан Қазақстан чемпионы Гүлдана Тенелбаева Жаңаөзендегі №98 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Ақтауда сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында қалаішілік автобустар тегін қызмет көрсетті. Сонымен қатар бірқатар учаскелерде асық ату, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу және арқан тартудан сайыстар ұйымдастырылып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» орталығында емделіп жатқан әйелдер мен жас аналарға да дауыс беруге жағдай жасалды. Дәл осы күні сәбиін дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанған Камила Жаңғақбаева да өз таңдауын жасады.
Студент Диас Исенаманов өзі құрастырған роботын ертіп, сайлау учаскесіне келіп, көпшілікті таңғалдырды.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бауыржан Сейдахметов те сайлаудан қалыс қалмады. Мал шаруашылығымен айналысып жатқан қыстауына арнайы жүрмелі жәшік жеткізіліп, ол сол жерде дауыс берді.
Осылайша, Маңғыстау жұртшылығы маңызды қоғамдық-саяси науқанға белсенді қатысып, ел болашағына деген жауапкершілігін танытты.