×

Қазақстандықтардың 85%-дан астамы Президенттің армияны реформалау туралы шешімін қолдайды

Даурен Омаров 29.09.2026 | 15:34
Қазақстандықтардың 85%-дан астамы Президенттің армияны реформалау туралы шешімін қолдайды
Қорғаныс министрлігі

Қазақстандықтардың басым бөлігі Қарулы Күштерді реформалау туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімін қолдайды. Бұл туралы Adaladam.kz «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы жүргізген сауалнама нәтижелеріне сілтеме жасап хабарлайды.

Зерттеуге сәйкес, респонденттердің 85,2%-ы Қорғаныс министрлігінің жұмысына кешенді тексеру жүргізуді толық немесе ішінара қолдаған. Ал армияны реформалау туралы шешімді оң бағалағандардың үлесі 85,7%-ды құрады.

Сауалнамаға қатысушылар әскерде ең алдымен ашықтық пен есептілікті арттыру қажет деп санайды – 47,4%. Командалық құрамды жаңартып, кәсіби деңгейін көтеруді 34,3%, қорғаныс саласындағы жемқорлықпен күресті күшейтуді 29,4% қолдаған.

Сондай-ақ респонденттердің 25,3%-ы әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайын жақсартуды маңызды деп атаған. Қару-жарақ пен техниканы жаңарту – 20,7%, жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу – 20,4%, жауынгерлік даярлық деңгейін көтеру – 19,2%.

Сауалнама 28–29 қыркүйекте онлайн форматта жүргізілген. Оған еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 1012 адам қатысқан.