«Сен жалғыз емессің»: психолог отбасындағы жауапкершілік туралы айтты
Психолог, «Отбасы академиясының» негізін қалаушы Ержан Мырзабаев Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас пен отбасын сақтаудың негізгі қағидалары туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, отбасында ерлі-зайыптылардың бір-бірін басқаруға, иемденуге немесе еркіндігін шектеуге тырысуы дұрыс емес. Керісінше, берік отбасының негізі – өзара сыйластық, сүйіспеншілік және дұрыс қарым-қатынас.
«Ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас біреуді біреу басқаратын, бірі екіншісін иемденетін, бостандығын шектейтін қарым-қатынас түрі емес. Ең бастапқы ұстаным – отбасында қалай қарым-қатынас құру. Өйткені дұрыс қарым-қатынас құрылған кезде өздігінен-ақ әр нәрсе орны-орнымен болады. Әйелдің де, еркектің де, баланың да, ата-әженің де орны белгілі болады », – деді психолог.
Ержан Мырзабаев ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастан айырмашылығы, ерлі-зайыптылардың бір-бірін бастапқыда танымағанымен, өзара сезім мен сүйіспеншілік арқылы өмірлік серік болуға шешім қабылдайтынын атап өтті. Сондықтан некенің алғашқы кезеңіндегі қызығушылық пен махаббатты ары қарай да сақтап қалу маңызды деп есептейді.
Психолог қазақ отбасындағы туыстық байланыстардың маңызына да тоқталды. Оның сөзінше, қазақ қоғамында отбасы тек ерлі-зайыптылар мен балалардан тұрмайды. Дәстүрлі отбасылық қатынастарда ата-әже, аға-әпке, нағашы жұрт және өзге де туыстардың орны ерекше. Ержан Мырзабаев қазіргі жастар отбасын құрғанда тек өздерінің жеке қалауы мен еркіндігін ғана емес, жақындары алдындағы жауапкершілігін де ескеруі қажет деп санайды.