Қызылордада Республика күніне орай Мемлекеттік Ту көтерілді
Қызылордада 25 қазан – Республика күніне орай Мемлекеттік Туды көтеру салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Мерекелік шара қаланың Мемлекеттік рәміздер аллеясында ұйымдастырылды. Салтанатты рәсім барысында әскери хор Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады.
Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнінің ел тарихындағы маңызына тоқталды.
«Баршаңызды халқымыздың ең қастерлі мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінгі күн – рухымызды көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын маңызды мереке.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш» деген болатын.
Биыл біз ұлттық мерекені ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында атап өтудеміз. Халқымыз егемендік жылдарында көптеген белесті абыроймен еңсерді.
Мемлекетіміздің өркендеуі мен ел мерейінің үстем болуы – байыпты саясаттың, қажырлы еңбектің, қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің жемісі.
Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, еліміздің абыройы асқақтай берсін!» – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады. Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде атап өтіледі.


