×

Республика күні қарсаңында Қызылордада 160 отбасы баспаналы болды

Adal Adam 23.10.2026 | 15:38
Республика күні қарсаңында Қызылордада 160 отбасы баспаналы болды
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Республика күні қарсаңында Қызылорда қаласының сол жағалауында жаңадан салынған екі тұрғын үйдің 160 пәтері иелеріне табысталды. Кілт тапсыру рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.

Аймақ басшысы тұрғындарды ұлттық мерекемен құттықтап, егемендік пен ел тәуелсіздігі жолындағы тарихи шешімнің маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы „Қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз“ деп атап көрсеткендей, соңғы төрт жылда үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер беріліп, 30 мыңнан астам жерлесіміз баспаналы болды. Жыл соңына дейін тағы 3 мыңға жуық пәтер беріліп, 10 мыңға жуық тұрғынды баспанамен қамту жоспарланған.

Бүгін игі бастаманың жалғасы ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге аумағы 12 мың шаршы метрге жуық 160 пәтердің кілтін табыстап отырмыз.

Жаңа қоныстарыңыздың босағасы берік, шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын! Әр отбасында балалардың күлкісі естіліп, татулық пен береке салтанат құрсын. Ел іргесі берік, болашағымыз баянды болсын!» – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Салтанатты шара барысында тұрғын үйлерді салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев сөз сөйлеп, мемлекет және қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев ақ батасын берді.

Сол жағалау қарқынды дамып келеді

Сол жағалау – Қызылорданың қарқынды дамып келе жатқан шағын аудандарының бірі. Қазіргі уақытта мұнда 27 мыңнан астам адам тұрады. Ауданда 145 көпқабатты тұрғын үй, 21 әлеуметтік нысан және 14 ірі бизнес нысаны жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, тағы 50 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың 25-і – көпқабатты тұрғын үй, қалғаны әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар.

Заманауи сәулет талаптарына сай салынып жатқан ғимараттар мен тұрғын үйлердің басым бөлігін Сыр өңірінің құрылысшылары тұрғызуда.