Қазақстанда әскери анттың мәтіні өзгереді – Ринат Зайыт
Қазақстанда әскери анттың мәтінін өзгерту жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшысы Ринат Зайыт Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, әскери анттың қазіргі мәтінінде түсініксіз тіркестер бар. Сондықтан оны қайта қарап, мағынасын нақтылау қажет.
«Әскери анттың алғашқы жолында «Мен Қазақстан Қарулы Күштерінің сапына кіре отырып» деген сөз бар. «Кіре отырып» дегені несі?! Адам түрмеге отырады, басқа жерге отырады. Ал сапқа адам тұратын еді ғой. Осындай түсініксіз сөзден басталған әскери қызмет сол түсініксіздікпен аяқталады. Ал бізде бәрі анық әрі түсінікті болуы керек.
Әскери анттың мәтінін өзгерту жоспарда бар. Бұл – жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовтің алғашқы тапсырмаларының бірі.
Қазір барлық мәселеге басынан бастап мән беріліп жатыр. Бұл жай ғана косметикалық өзгеріс болмауы керек. Бұл Қарулы Күштеріміздің санасындағы үлкен сілкініс болуы тиіс. Ол үшін бізге Үкіметтің, Құрылтайдың және Халық кеңесінің қолдауы қажет», – деді Ринат Зайыт.
Оның айтуынша, әскери анттың мәтінін қайта қарау қорғаныс саласында қолға алынған өзгерістердің бірі болмақ.