×

«Уәдем - уәде»: Ринат Зайыт бір жылда нәтиже болмаса, қызметтен кететінін айтты

Даурен Омаров 27.10.2026 | 19:07
«Уәдем - уәде»: Ринат Зайыт бір жылда нәтиже болмаса, қызметтен кететінін айтты
Adal Adam

Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшысы Ринат Зайыт алдағы бір жыл ішінде әскери-патриоттық тәрбие саласында нақты өзгерістер жасай алмаса, қызметтен кетуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

«Уәдем – уәде. Бір жылда, осыдан 12–14 айда нәтиже шығара алмасам, іске асыра алмасам, бетіме айтыңыздар. Онда мен кешірім сұраймын да, бұдан былай мұндай қызметке өзім де жоламаймын. Мені де жолатпаңыздар деп айтуға ерік-жігерім жетеді», – деді Ринат Зайыт.

Ол қазіргі әскердегі тәрбие жүйесінде әлі де кеңестік кезеңнен қалған ескі тәсілдер бар екенін айтып, ең алдымен сарбаздардың санасын өзгерту қажеттігіне тоқталды.

«Көшеде жауынгер көрсек, оған мүсіркеп қараймыз. «Жаулап алды махаббат» деп ән айтып келе жатады. Ондай әскерден жау қорқа ма? Әскер деген – сенің қорғаның, батырың емес пе? Кезінде батырлардың атын білетін едік. Қазір балалар қазақ жауынгерінің түрі қандай болатынын да білмейді. Олар «Маша мен Аюды», «Фиксиктерді» таниды. Әскердің киім үлгісін өзгерткеннен ештеңе шықпайды, ең бастысы сананы өзгертуіміз керек», – деді ол.

Сонымен қатар ол саптық дайындық кезінде орындалатын әндердің мазмұнына да назар аудару қажеттігін айтты. Оның сөзінше, сарбаздардың патриоттық рухын көтеру үшін қазақ батырлары туралы жырлар мен тарихи дастандар негізінде жаңа әскери марштар әзірлеу жоспарланып отыр.

Ринат Зайыт әскери-патриоттық тәрбие саласындағы өзгерістер тек сыртқы сипатта қалмай, сарбаздардың дүниетанымы мен әскерге деген көзқарасына әсер етуі тиіс екенін атап өтті.

Айта кетейік, Ринат Зайыт қазан айының басында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы қызметіне кіріскен болатын.