«Әйелің барма десе, барма»: Психолог қоғамдағы даулы көзқарасқа пікір білдірді
Психолог, «Отбасы академиясының» негізін қалаушы Ержан Мырзабаев Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында әйелдің күйеуінен немесе енесінен рұқсат сұрауы туралы қоғамда қызу талқыланған мәселеге қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін белгілі коуч Роза Әшірбаева «Uide» жобасында әйелдің туған күнге немесе құрбыларының үйіне бару үшін күйеуінен не енесінен сұрануын орынсыз деп санайтынын айтқан.
«Туған күнге, құрбылардың үйіне жиналғанда “енемнен сұранайыншы” дейтіндер бар. Күйеуден емес, енеден. Күйеуден сұрану деген біртүрлі емес пе», – деген еді коуч.
Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде пікірталас тудырды. Осыған байланысты журналист Дәурен Сейітжанұлы психолог Ержан Мырзабаевтан қоғам Роза Әшірбаеваның сөзінің әсерін тым әсірелеп жіберген жоқ па деп сұрады.
Психолог әлеуметтік желіде айтылған сөздердің қоғамға ықпалын елемеуге болмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, көпшілік алдында айтылған ой адамдардың көзқарасы мен мінез-құлқына әсер етеді. Әсіресе белгілі бір пікір қайта-қайта айтылған жағдайда оның ықпалы күшейе түседі.
«Жалпы әлеуметтік желіде, қоғамдық орында айтылған ешқандай сөзді жай қабылдауға, немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені адамның санасын, ойын өзгертетін әрдайым – сөз. Сондықтан әлеуметтік желідегі кез келген үрдісті асырасілтеушілік деп қабылдауға болмайды. Міндетті түрде ол әсер етеді», – деді Ержан Мырзабаев.
Психологтың айтуынша, ерлі-зайыптылар бір-бірінен рұқсат сұрауды еркіндікті шектеу немесе бір тараптың екіншісіне бағынуы деп қабылдамауы керек. Керісінше, ол өзара сыйластық пен жауапкершіліктің белгісі.
«Әйелі күйеуінен, күйеуі әйелінен сұрану керек. Сұрану – жауапкершілік деген сөз. Сұрану – маған сенің ойың маңызды деген сөз. Біреулер сұрану қажет емес, ескерту жеткілікті дейді. Ескерту деген – сенің пікірің маған маңызды емес, жай әшейін біліп жүр деген сөз. Сондықтан, күйеуің барма десе, бармайсың, әйелің барма десе, бармайсың. Неге? Сен мен үшін маңыздысың деген сөз. Өйткені бұл - ортақ одақ, жауапкершілік», – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, психолог сұрану мен жай ғана ескертудің айырмашылығына да тоқталды. Психологтың түсіндіруінше, рұқсат сұраған адам екінші тараптың келісім бермеуі мүмкін екенін ескереді. Ал ескерткен адам өз шешімін алдын ала қабылдап қойғанын білдіреді.
Ержан Мырзабаев бұл ұстанымды өз отбасындағы мысалмен түсіндірді. Оның айтуынша, үйге қонақ шақырарда немесе достарымен кездесуге барарда міндетті түрде жұбайының пікірін сұрайды. Себебі әйелінің де жеке жоспары немесе отбасына қатысты шаруалары болуы мүмкін.
«Мен үйге кешке қонақ шақыратын болсам, әйелімнен рұқсат аламын. Қонақ шақырсам бола ма, қарсы емессің бе, не дейсің деп. Ол да адам, ол да тұлға, өзінің бір жоспары болуы мүмкін», – деді психолог.
Бұған қоса, психолог ата-ана мен ата-енеден де сұрануды отбасындағы сыйластықтың бір көрінісі деп есептейді. Алайда мұны адамның әр қадамына бақылау орнату немесе еркіндігін шектеу деп түсінбеу керектігін айтты.
Оның сөзінше, отбасы мүшелері бір-біріне сенім білдіріп, өзара келісіп әрекет еткені дұрыс. Бұл отбасындағы жауапкершілікті нығайтады, қарым-қатынасты жақсартады.