×

Ұлытау сырын ашқан жаз: далада жатқан 2000 жылдық жады

Даурен Омаров 11.09.2026 | 13:27
Ұлытау сырын ашқан жаз: далада жатқан 2000 жылдық жады
Бесобалы "мұртты" обасы. Археологиялық қазба мен музейлендіру жұмыстарынан кейінгі көрінісі. Фото: А.Қасенәлі

Ұлытау десе, көз алдымызға бірден кең дала, көкжиекке дейін созылған төбелер мен аспанмен таласқан тау елестейді. Бірақ бұл өңірдің шынайы құндылығы – оның топырағының астында жатыр. Дәл осы жерде өткен ғасырдың ортасында академик Әлкей Марғұлан бастаған археологтар тобы қазба күрегін алғаш рет жерге қадап Орталық Қазақстанның мыңжылдық тарихын оятқан болатын. 1940–1960 жылдары жүргізілген сол зерттеулер Ұлытауды Қазақстан археологиясының картасына мәңгілікке қосты. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, дала әлі күнге дейін ғалымдарға айтары мол.

Биыл, 2026 жылы бұл әңгіме тағы бір тың бетбұрыс тапты. Ұлытау жерін зерттеп жүрген археологтар қатары «мұртты» оба деп аталатын ерекше ескерткіштердің саны өңірде 200-ге жуық деп жариялады. Бір қарағанда – құрғақ статистика. Ал шын мәнінде бұл әр обасы жеке бір хикая, жеке бір рәсім, жеке бір адамның не қауымның есте қалу тілегі жасырынған тұтас бір өркениеттің іздері дегенді білдіреді. Осы жаз көз көрмеген екі жаңа сырды – Бесобалы мен Ақшоқы ескерткіштерін жарыққа шығарды.

Археологиялық қазба жұмыстарының барысы
Археологиялық қазба жұмыстарының барысы

Бесобалы даланың ортасында тыныш жатыр. Сырттай қарағанда бес қана топырақ үйінді мен екіге бөлінген ұзын тас жол. Бірақ археологтар топырақты сылып алғанда, астынан бір емес, екі мыңжылдықтан бері үнсіз сақталған рәсімнің іздері шықты: ырымдап қойылған 18 темір жебе, екі қыш ыдыс және өртенген ағаштың көмірленген қалдықтары.


Археологиялық жәдігерлер

Бесобалы – жерлеу орны емес, ата-баба рухын еске алуға арналған киелі құрылыс болса керек. «Мұрттардың» өзінде сыр жасырынған. Бекерден-бекер емес бұл тас тізбектер тек кездейсоқ шығысқа қарай емес, күн шығатын бағытқа дәл қарап тұрады. Ал күннің шығуы ежелгі дала тұрғыны үшін – жай ғана табиғи құбылыс емес, түн қараңғылығын жеңген жарықтың, өлімнен қайта тірілген өмірдің символы болған. Осыдан келіп ғалымдар арасында қызықты бір болжам бар: мүмкін «мұртты» обалар жай ғана еске алу орны емес, қауым жыл мезгілінің ауысуын, күн тоқырауы мен күн шығуын атап өтетін күнтізбелік мереке-рәсімдерін өткізген қасиетті алаң болған шығар. Яғни әр көктемде немесе жаңа жылдың басталуында осы «мұрттардың» бойымен күн сәулесі жүрген жол сызылып, ата-баба рухы қайта оянғандай сезінген болуы да мүмкін. «Мұрты» бар обалардың нақ осындай – жерлеуден гөрі есте сақтауға, дәстүрді жалғастыруға, күн мен өмір циклін дәріптеуге қызмет еткен ғұрыптық-күнтізбелік кешендер екенін ғалымдар бұдан бұрын да болжаған. Бесобалы бұл болжамға тағы бір нақты дәлел қосты.


Ұлытаудағы қазақ қорымы

Бесобалыдан онша алыс емес жерде тағы бір тарих бетін ашуға тура келді – бұл жолы Ақшоқы қорымы. Сырты жай ғана төрт тас-топырақ үйінді болып көрінгенімен, оның ішінен күтпеген жаңалық шықты: бір ескерткіштің қойнауында екі бөлек дәуірдің адамдары жерленген екен.

Терең қабаттан ерте темір дәуірінің жауынгері табылды, жанында қоладан құйылған жебе ұштары мен бас киімін безендірген әшекейлер жатты. Бұл қарапайым адам емес, қоғамда белгілі бір мәртебесі бар, шайқас өнерінен хабардар жауынгердің соңғы сапары еді. Ал одан жоғарырақ, кейінірек салынған қабатта, орта ғасырда осы жерге қайта оралған, басқа дәуірдің адамын жерлеген із жатты. Демек, Ақшоқы бір рет пайдаланылып тасталған жер емес, ғасырлар бойы адамдардың қайта-қайта оралып, өз өлгендерін сеніп тапсырған қасиетті мекен болған.

Ә.Х. Марғұланнан бергі жеті-сегіз онжылдықта Ұлытау даласы небір құпияларын ашты, енді міне ескерткіштер легіне Бесобалы мен Ақшоқы да қосылды. Әр жаңа қазба – тек ғылыми есеп емес, ата-бабаларымыздың дүниеге көзқарасын, өлім мен өмір туралы түсінігін, рухани әлемін қайта құрастыратын бір бөлшек. Бүгін біз Бесобалыдағы жебелердің неге сол ретпен қойылғанын, Ақшоқыдағы жауынгердің кім болғанын толық білмейміз. Бірақ дәл осы белгісіздік – археологияны археология ететін нәрсе.

Ұлытау өңірі әлі талай сыр жасырып жатыр. Әр жазда бір топ адам сол сырды аз да болса ашуға тырысады – бұл жұмыс жалғаса береді, өйткені дала өз тарихын сөйлетуден еш жалыққан емес.

М.Қызырханов,

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі,
Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институты,
археологиялық материалдарды бастапқы өңдеу зертханасының ғылыми қызметкері