Қазақстан: климат өзгерісі төрт түлік арасындағы жұқпалы ауруды көбейтуде
Жаһандық жылыну кеше-бүгін көтерілген тақырып емес. Ғалымдар атмосфераның Жердегі жылуды ұстап қалатынын XIX ғасырдың өзінде зерттей бастаған. Ал XX ғасырдың екінші жартысынан бастап климаттың өзгеруі әлемдік деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды. Бүгінде бұл түйткіл қиядағы мұздықтың еру сатысынан өтіп, адамзат өміріне тікелей және жанама әсер ете бастағанын да айта кету керек. Тіпті климат өзгерісі ауыл шаруашылығына, соның ішінде төрт-түлік арасындағы жұқпалы аурулардың таралуына ықпал етіп отыр.
Алдымен жаһандық жылымықтың ауылдағы ағайынды қалай әбігерге түсіретініне тоқталсақ. «Малым – жанымның садақасы» дейтін қазақ үшін күннің күрт жылынуы қорадағы малдың жұқпалы ауруларға бейімділігін арттырып, мал ұстаған жұрттың уайымын күшейтті.
Ауылдық ветеринарлық фельдшер Сәруар Манатұлы соңғы жылдары үй жануарлары арасында инфекциялық аурулардың бұрынғыға қарағанда жоғарылағанын жоққа шығармайды. Алайда ол бұл процесті тікелей климат өзгерісіне телуден гөрі жаһандық жылыну аурулардың таралуына қолайлы жағдай туғызды деген пікір қисынды дейді.
– Жаз айларында жеке шаруашылықтарға барғанда ыстықтың малдың жалпы жағдайына әсер ететіні байқалады. Шілде кезінде өзіміз де әлсіреп, тез шаршаймыз, малда да осыған ұқсас өзгерістер болады. Оның тәбеті төмендейді, суға сұранысы артады, тыныс алуы жиілейді. Бұны тек ауа райының қолайсыздығымен байланыстыруға болмайды. Ұзаққа созылған ыстық мал ағзасына стресс түсіріп, оның физиологиялық жағдайына және иммундық жүйесіне айтарлықтай күш түсіреді, - деді Сәруар Кәкімжан.
Сонымен қатар мал дәрігері жұқпалы аурулардың өршуіне ауа температурасының көтерілуі, қыстың жылы немесе жауын-шашынды болуы, ауру таратушы жәндіктердің белсенділігі ықпал ететінін айтты. Мәселен, жаһандық жылынудың әсерінен бұрын белгілі бір аймақтарда сирек кездескен немесе мүлде тіркелмеген жұқпалы аурулардың таралу қаупі артуы мүмкін. Соның бірі – қой мен ірі қарада кездесетін блютанг, яғни қазақша «көк тіл» ауруы. Бұл вирусты Culicoides туысына жататын шағын шіркейлер таратады. Мұндай жәндіктердің белсенділігі жылы әрі ылғалды ауа райында күшейеді. Сондықтан аптап ыстық аурудың жаңа өңірлерге таралуына қолайлы жағдай жасайды.
Тасадағы дерек
Осы сұраққа ірі қарада жиі кездесетін бабезиоз ауруын мысалға келтіріп, жауап беруге болады. Бұл тікелей кене арқылы тарайтын ауру. Кене тек бір малдан ғана қан сормайды. Ол үй жануарларынан бөлек, жабайы жануарларға да жабысып, кейін қайтадан малға ауысуы мүмкін. Сондықтан жабайы және үй жануарлары бір ортада жүргенде ауру қоздырғыштарының да таралу қаупі жоғарылайды. Кейбір кене түрлері мал арасындағы инфекцияларды тасымалдайтынын ескерсек, көктемнен келетін қауіпті осы себеппен байланыстыруға болады.
– Биыл эпидемиологиялық маусым былтырға қарағанда, 1-2 апта ерте, яғни наурыз айында басталды. Әзірге кене энцефалиті тіркелген жоқ, бірақ кене шағу бойынша шағымдар бар. Қазірге дейін 5 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінді. Оның 50 пайызы – балалар. Кене шаққан адамдардың 97 пайызы жедел профилактикалық көмек ретінде иммуноглобулин алды, – деді ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Арай Зекенова.
Ветеринар Сәруардың айтуынша, жауын-шашын мен ылғалдылық әсері де мал ауруларын көбейтеді. Ылғалды маусымда қораның тазалығына баса назар аудару керек. Қора іші үнемі дымқыл болса, түрлі микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы орта қалыптасады. Мұндай жағдайда сиырларда кездесетін маститтің қаупі де артады. Осы ретте сауын сиырлардың желінінің тазалығы, қора гигиенасы және дұрыс күтім маңызды. Ыстық, жоғары ылғалдылық пен санитариялық талаптардың сақталмауы қатар келсе, мал ағзасына түсетін стресс одан әрі күшейеді.
Сондықтан ветеринариялық жұмыстың негізгі мақсаты ауру шыққаннан кейін емдеу емес, оның алдын алу болуы тиіс. Көктем басталғаннан малды кенеге және басқа паразиттерге қарсы арнайы препараттармен өңдеу, қораны таза ұстау, дұрыс азықтандыру және малдың жағдайын үнемі бақылау қажет.
Байқаған боларсыз, көп жағдайда мал ауруының өршуіне бір ғана себеп түрткі болмайды. Ыстық ауа райы, дұрыс азықтанбау, әлсіз күтім, санитариялық жағдайдың нашарлығы және паразиттердің көбеюі бір-бірімен қабаттасқанда жағдай ушыға түседі. Сондықтан климат өзгерген сайын мал күтіміне қойылатын талап та күшеюі керек.
Практик-дәрігер Жазира Жұрханқызының айтуынша, жаһандық жылыну, түнгі температураның көтерілуі, қыстың жылы болуы жұқпалы мал ауруын тудыратын жәндіктерді көбейткен. Оның ішінде кене де бар. Қазір бұл жәндік малға да, адамға да зиян тигізіп отыр.
– Кененің өзін жұқпалы, жұқпалы емес немесе эндемиялық кене деп бірнеше топқа бөлуге болады. Кене шаққан жағдайда кенені медицина мамандарына тапсырған жөн. Мамандар әр кенені зерттеуге жіберіп, оның қаупі бар-жоғын анықтайды. Біз жыл сайын жағдайды зерттеп, бақылап отырмыз. Байқағаным, қаламыздағы кенелер шақса да, денеге тисе де, аса қауіпті ауру туғызбайды. Оңтүстіктегі, шығыстағы, Ақмола облысындағы орманды, шөбі қалың жерлердегі кененің қоздырғыштары да күшті келеді, алайда қай кезде де, қай жерде де қорғанып жүру міндетті, – дейді дәрігер.
Ел ішіндегі ахуал
Ұмытқанымыз жоқ, өткен жылы Құрманғазы ауданында мүйізді ірі қарадан ринотрохеит ауруы анықталған болатын. Жұқпалы ауру бес айда 7867 ірі қара малға жұққан еді. Мамандарды айтуынша, ринотрохеит – малдың дене қызуы көтеріліп, тыныс алу жолдары қабынады әрі жыныс мүшелерінің зақымданады. Белгілісі, инфекция қоздырушысы герпесвирустар туыстығы мен тұқымдастығына жатады. Ересектеріне қарағанда жас малдың бұл ауруға сезімталдығы жоғары. Әсіресе жатырдағы төл ерекше сезімтал, вирустың әсерінен тез өледі де буаз мал іш тастайды. Сауыққан жануар 6-19 ай вирус бөліп шығарады. Вирус денеден танаудан аққан сорамен, көздің жасымен, сүтпен, несеппен, нәжіспен, шәуетпен шығады. Әдеттегі жағдайда вирус малға аэрогендік жолмен, ал шағылысу кезінде тікелей жанасу арқылы жұғады.
Бұл бір ғана дерек емесү Биыл да ел ішін мал ауруына қатысты бірнеше жағымсыз хабар жайлады. Бір жерде ірі қараның аузынан сілекей ағып, қызуы көтерілсе, екінші өңірде ондаған сиыр өлді. Кей ауылдарда тұрғындар мұны «белгісіз індет» деп қабылдады. Әлеуметтік желіде киіктен жұқты деген болжам да айтылды. Алайда зертхана қорытындысы шыққан кезде оқиғалардың себебі бірдей емес екені белгілі болды.
Бір өңірде инфекциялық ринотрахеит, екіншісінде тейлериоз анықталды. Кей жерде пастереллез ошағы тіркелсе, бруцеллез жыл сайынғы ең күрделі мәселелердің бірі болып қалып отыр. Сондықтан 2026 жылғы жағдайға «Қазақстанда бір белгісіз індет тарап жатыр» деп қарау орынсыз. Керісінше, биылғы оқиғалар ауруды ерте анықтау, зертханаға жедел жеткізу, мал қозғалысын бақылау, вакцинация, кенеге қарсы өңдеу, жабайы жануарлар мен үй малының байланысы және ауылдағы ветеринариялық инфрақұрылымның жағдайына баса назар аудару секілді басы ашық сұрақтардың барын көрсетті.
Бұл мәселенің маңыздылығын мал санының өзінен-ақ көруге болады. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2026 жылдың басында Қазақстанда 8,3 миллионға жуық ірі қара, 18,9 миллион қой және 1,7 миллионнан астам ешкі болған. Демек жануарлар денсаулығы – жеке шаруаның ғана мәселесі емес, ет пен сүт өндірісіне, азық-түлік қауіпсіздігіне және экспортқа тікелей әсер ететін үлкен экономикалық фактор.
Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының тұрғыны Сәкен Жолмырзаевтың айтуынша, мал егелерінің көбі жұпалы мал ауруына селсоқ қарайды. Өзі де мұндай салғырттықтан зардап шеккен.
– Мысалы, бруцеллез ауруы бар, қазақша сарып дейміз. Жергілікті тұрғындар арасында бұл жұқпалы ауруға атүсті қарайтындар жоқ емес. Алайда, аса жауапкершілікті еңбекті, барынша сақтық шараларын білген жөн. Алдымен малмен айналысатын ағайындар қарапайым сақтық ережелерін сақтап, малдарын, қолдағы иттерін мезгілінде тексерістен өткізіп, екпе жасатып жүрсе, бізге бірталай көмек болар еді, – Сәкен Жолмырзаев.
22 ауылдық округтегі жағдай нені көрсетті?
Биыл сәуір айының соңында Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала және Казталов аудандарында ірі қара арасында ауру белгілері байқалды. 22 ауылдық округте орналасқан 130 шаруа қожалығы мен 69 жеке қожалықтағы мал тексерілген. 40 мыңнан астам ірі қараның 5 484 басынан ауру белгілері анықталған. Сол кезеңдегі ресми ақпарат бойынша, 3 732 бас мал емделіп шыққан. 217 ірі қара өлімі тіркелген, оның 189-ы бұзау болған. Бұдан бөлек 11 қой өлген. Ветеринария басқармасы бұл шығынның бәрін бір ғана аурумен байланыстыруға болмайтынын ескерткен. Оның арасында қыстан әлсіреп шыққан мал да болған.
Ауру малдың аузында жара пайда болып, сілекей ағуы, дене қызуының көтерілуі және тәбеттің төмендеуі сияқты белгілер байқалған. Мұндай клиникалық белгілердің қауіптілігі сырттай қарағанда бірнеше инфекцияға ұқсас болуы мүмкін. Сондықтан ауруды тек белгісіне қарап анықтау жеткіліксіз, зертханалық сараптама қажет. Бұл өңірде бұған дейін де ұқсас жағдай болған. 9 ақпан мен 31 наурыз аралығында Ақжайық ауданындағы үш ауылда 829 ірі қара ауырған. Зертханалық сынама нәтижесінде инфекциялық ринотрахеит анықталды. Ауру малға ем жүргізіліп, кейін олардың барлығы сауыққаны хабарланған.
Сәуірдегі жағдай киік мәселесімен қатар өрбіді. Бөкей ордасы аумағындағы өлген киіктерден алынған сынамалардан пастереллез анықталды. Осыған байланысты оңтүстік аудандардағы ауыл шаруашылығы жануарларын пастереллезге қарсы толық вакцинациялау жоспарланған. Сәуірдің аяғына дейін өңірде 3,2 млн бас мал әртүрлі ауруларға қарсы егілген, оның 220 мыңнан астамы пастереллезге қарсы вакцина алған.
Бірақ осы жерде ерекше тоқталатын бір жайт бар. Киіктен пастереллез табылуы 22 ауылдық округтегі барлық ірі қара дәл осы инфекциямен ауырды дегенді білдірмейді. Сол кезеңде малдан алынған сынамалардың толық қорытындысы әлі шықпаған болатын. Сондықтан жабайы жануар мен үй малы арасындағы байланысты зерттеу қажет болғанымен, басты себепті зертханалық растаусыз кесіп айтуға болмайды.
Батыс Қазақстандағы тағы бір тұрақты проблема – бруцеллез. 2026 жылдың алғашқы сегіз айына жуық кезеңінде 590 мың ірі қара тексеріліп, 3 723 бас малдан бруцеллез анықталған. Демек, бір өңірдің өзінде аурулар бірнеше түрлі сипатта көрінеді. Бір жағынан, маусымдық немесе жергілікті инфекциялар, екінші жағынан, ұзақ жылдар бойы бақылауды қажет ететін бруцеллез бар. Ал бұл ауыртпашылыққа біз көтеріп отырған мәселенің қатысы бар ма? Егер жоғарыдағы жұқпалы аурулардың таралу қаупіне назар аударсақ, онда жанама әсері бар.
«Белгісіз індеттің» жаһандық жылынуға қатысы бар ма?
Ақтөбедегі Ырғыз ауданының Қызылжар ауылдық округінде 21 маусым мен 14 шілде аралығында 39 бас ірі қара өлген. Алғашында аурудың нақты себебін анықтау қиын болып, қосымша сынамалар алынған. Кейін зертханалық сараптама малдан тейлериоз анықтады. Бұл – иксод кенелері арқылы тарайтын паразиттік ауру. Облыстық ветеринария басқармасы инфекцияның таралуына басқа эндемиялық аймақтардан мал тасымалдау ықпал етуі мүмкін екенін хабарлаған.
Мұнда екі маңызды мәселені қалт жібермеу керек. Біріншісі – Қазақстандағы мал ауруының бәрі вакцинамен шешілмейді. Тейлериоз жағдайында кенеге қарсы тұрақты өңдеу, мал қозғалысын бақылау және жаңа әкелінген мал туралы ветеринарға хабарлау маңызды. Екіншісі – фермер үшін «аса қауіпті ауру» деген мемлекеттік жіктеу мен нақты шаруашылық үшін келетін шығын екі бөлек нәрсе. Тейлериоз Қазақстан заңнамасындағы аса қауіпті аурулар қатарына жатқызылмайды. Сол себепті қырылған мал үшін мемлекеттік өтемақы қарастырылмаған. Бірақ 39 сиыры өлген ауыл тұрғыны үшін оның экономикалық салмағы ауыр екені сөзсіз.
Бұл жағдай тағы бір мәселенің бетін ашты. Мемлекеттің назары тек «аса қауіпті» деп белгіленген инфекцияларға түсуі жеткілікті ме, әлде фермерлерге экономикалық шығын келтіретін басқа да ауруларға бақылауды күшейту керек пе?
Ақтөбедегі жағдайды жаһандық жылынудың тікелей салдары деп кесіп айтуға болмайды. Тейлериоздың таралуына мал қозғалысы, кенеге қарсы өңдеудің уақытында жүргізілмеуі, күтім мен ветеринариялық бақылау сияқты бірнеше фактор әсер етеді. Бірақ климаттың жылынуы кене секілді ауру тасымалдаушылардың белсенді кезеңін ұзартады. Сол арқылы климат өзгерісі инфекцияны өзі тудырмайды, алайда оның таралу қаупін күшейтеді.
Жұқпалы ауруда шекара жоқ
2026 жылы әлемдік ветеринариядағы негізгі қауіптердің бірі аусыл вирусының SAT1 серотипінің бұрын таралмаған аймақтарға жетуі болды. Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы да 2026 жылы жағдайдың географиясы қатты өзгергенін хабарлады. Израиль, Кипр, Палестина, Қытай және Моңғолия SAT1 серотипін алғаш рет анықтаған. Кипр мен Грекияның аусылдан таза мәртебесі биылғы ошақтардан кейін уақытша тоқтатылды. Ал 2026 жылғы 22 мамырда WOAH-қа мүше 183 ел Қазақстанның вакцинация қолданылатын аусылдан таза аймақ мәртебесін бірауыздан мойындады. Бірақ көршілес және жақын өңірлердегі вирустың болуы сақтық шараларына назар аударуды талап етеді. Мұның экономикалық жағы да бар. Аусыл анықталған елде тірі мал мен ет өнімдеріне экспорттық шектеулер жылдам енгізіледі. Сондықтан бір ауру ошағы жеке ауылдың ғана емес, тұтас экспорттық нарықтың мәселесіне айналуы мүмкін.
Аусыл мысалы жұқпалы аурулардың бір өңірдің шеңберінде қалмайтынын көрсетеді. Сондықтан мал ауруларын бақылауда климат факторымен қатар, шекаралық бақылау мен биологиялық қауіпсіздік шаралары бірге қарастырылуы керек.
Эпидемиолог Әлия Әбдіқайымова жұқпалы мал ауруына қатысты бірнеше кеңес айтты. Соның ішінде алдын алу жұмыстарының маңызы ерек.
– Вакцинация жасалуда. Бірақ бұл жерде әзірге мақсатты жұмыс, бақылау, мониторинг және тиімділік қажет. Қазір вакцинаның жұмыс істеп тұрғанын бақылауымыз керек. Егер ол көмектеспесе, онда басқасын іздеу керек.
Меніңше, жұқпалы аурудың көбі Ресейден келеді. Өйткені көрші мемлекеттердің ветеринариялық қызметтерімен байланыс жетілмеген. Ресейден біз арқылы транзитпен Өзбекстанға, Қырғызстанға мал өткізбек болған жағдайлар бұған дейін де болған. Малдарында аусылдың (ящур) анық белгілері – сілекейінің көп ағуы, мұрын қуысының зақымдануы сол үй жануарларында да кездесті, – дейді маман.
Қазақстан билігі қандай шараны қолға алды?
Қазақстан Үкіметі 2026-2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамыту жоспарын бекітіп, осы бағытқа 144,9 млрд теңге қарастырды. Алайда мұндай ауқымды жоспардың нәтижесі ауылға жеткенде ғана көрінеді. Шалғай елдімекендегі ветеринардың көлігі, қажетті препараты, тоңазытқышы, зертханаға сынама жеткізу мүмкіндігі болмаса, цифрландырудың өзі ауруды тоқтата алмайды. Сондықтан климат өзгеріп жатқан кезеңде ветеринариялық қауіпсіздік те соған бейімделуі керек.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Қазбек Ташимов қазіргі мән-жайды түсіндірді. Яғни жыл сайын жұқпалы мал ауруының алдын алу үшін екпе егу жүргізіліп келеді. Алдын алу диагностикалық жұмыстар да қадағалауда. Соның нәтижесінде кейінгі 3 жылда ауру ошақтары 49 пайызға төмендеп келеді.
– Саланы цифрландыру да негізгі басымдықтардың бірі. Жануарлар мен өнімдердің қозғалысын қадағалау және электрондық сертификаттау жүйелері жетілдірілуде. Дүниежүзілік банктің қолдауымен ветеринариялық препараттарды есепке алу жүйесі әзірленіп жатыр. Жаңа жүйе препараттың тағайындалуынан бастап, қолдануға дейінгі барлық кезеңде қадағалауға мүмкіндік береді, – дейді Қазбек Ташимов.
Оның айтуынша, төрт түлік малдың дер кезінде тексеру басты назарға алынған. Ал ауру малдың еті нарыққа шығарылмауы үшін барлық сақтық шарасы қолға алыныпты.
– Базарға бара қалсаңыз, барлық сойылған малдың QR коды бар. Ет ауылдық жерден, бордақылау алаңынан келсе де сөреге түскен уақытта оның QR коды болуы керек. Сол QR код арқылы еттің қайдан келгенін, қандай сараптамадан келгенін, қайда сойылғанын білуге болады, – дейді комитет төрағасы.
Қорытындылай келе, мал індетінің көбеюіне климат жалғыз себеп емес. Бірақ жаһандық жылыну дұрыс күтімнің, әлсіз иммунитеттің, паразиттердің және санитариялық мәселенің салдарын күшейтетін қосымша факторға айналды. Ендігі міндет – ауруды тіркеп отыру емес, оның қай жерде және қандай жағдайда таралуы мүмкін екенін алдын ала болжау. Сонда ғана климат өзгерісінен туындайтын ветеринариялық қауіптердің алдын алып, оның мал шаруашылығына әсерін азайтуға болады.
Ақтілек Бітімбай