×

Қазақстан өз нарығын алмамен қашан толық қамтиды? Алматы облысындағы шаруашылықтың тәжірибесі

Даурен Омаров 25.10.2026 | 10:48
Қазақстан өз нарығын алмамен қашан толық қамтиды? Алматы облысындағы шаруашылықтың тәжірибесі
Adal Adam

Қазақстанда алма өндірісі ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Елімізде жыл сайын шамамен 260 мың тонна алма өндірілсе, тұтыну көлемі 400 мың тоннаға жуықтайды. Соған қарамастан, отандық шаруашылықтар өз өнімдерін шетелге де экспорттап жатыр. Солардың бірі – Алматы облысындағы Apple Bee кәсіпорны. Adaladam.kz тілшісі шаруашылықтың жұмысымен танысып, компания басшысы Олжас Сванбаевпен сұхбаттасты.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, өңірдегі жетекші агроөнеркәсіптік кәсіпорындарға баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистер жеміс-көкөніс өнімдерін өсіру, сақтау және қайта өңдеу саласындағы шаруашылықтардың жұмысымен танысты.

Баспасөз туры аясында барған нысандардың бірі – Алматы облысының Қорам ауылдық округінде орналасқан Apple Bee агрокәсіпорны.

Жылына 3,4 мың тонна алма өсіреді

Apple Bee – 2013 жылы Фарид Батыров негізін қалаған отбасылық кәсіпорын. Өндірістік нысаны 2020 жылы іске қосылған. Жобаға 487 млн теңге инвестиция салынған. Бүгінде кәсіпорын алма өсірумен, элиталық көшеттер дайындаумен және табиғи шырын өндірумен айналысады.

Қазір компанияны Олжас Сванбаев басқарады. Оның айтуынша, биыл бақтардан 3400 тонна алма жинаған. Жалпы жылына 3 000 тонна шамасында өнім алады.

Шаруашылықтың жалпы жер көлемі 130 гектарды құрайды. Оның 70-тен астам гектарына алма бағы отырғызылған. 

Мұнда алманың 12 сорты өсіріледі. Олардың қатарында «Гала Галакси» (Gala Galaxy), «Жеромин» (Jeromine), «Голден Делишес» (Golden Delicious), «Фуджи» (Fuji), «Ред Делишес» (Red Delicious), «Гренни Смит» (Granny Smith), «Гала Мема» (Gala Mema) және т.б. бар. Бұл сорттардың пісетін уақыты әртүрлі. Бірі жазда піседі және кейбірі күздің соңына дейін жиналады.

Шаруашылық бір гектардан орта есеппен 50–60 тонна өнім алады. Мұндай өнімге қол жеткізу үшін заманауи технологиялар қолданылады. Алма ағаштарын күтіп-баптау, зиянкестерден қорғау, суару және өнім жинау жұмыстарының бір бөлігі арнайы техникалардың көмегімен атқарылады. Бұл жұмысшылардың еңбегін жеңілдетіп, алманың сапасын сақтауға мүмкіндік береді.

«Алмамыз Ресейдің барлық қаласында сатылып жатыр»

Apple Bee өсірген алманың бәрі Қазақстанда қалмайды. Өнімнің 60 пайызы еліміздің ішкі нарығына жіберілсе, қалған 40 пайызы шетелге сатылады.

«Біздің алмалар Қазақстанның барлық аймағына жеткізіледі. Ресейдің барлық қаласында сатылып жатыр. Тіпті ауыл шаруашылығы жақсы дамыған Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға да экспорттаймыз. Өйткені біздің алма сорттары ұзақ сақталады. Сыртқы түрі де әдемі, теп-тегіс, дәмі де жақсы», – дейді Олжас Сванбаев.

Компания алмаларын Қазақстан мен Ресейдің ірі сауда желілеріне жеткізеді. Ал табиғи алма шырыны да елімізде және Орталық Азия елдерінде сатылады.

Оның пікірінше, елімізде алма шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Алайда ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз ету үшін алма бақтарының аумағын ұлғайтып, сақтау инфрақұрылымын дамыту қажет.

«Біздің басты мақсатымыз – халықтың алмаға деген сұранысын жыл он екі ай бойы қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, отандық бағбандар әзірге бұл сұранысты толық өтей алмай отыр. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан жылына шамамен 260 мың тонна алма өндіреді, ал тұтыну көлемі 400 мың тоннаға жуықтайды. Сондықтан елімізге Ираннан, Польшадан және Қытайдан алма импортталады.

Егер алма бақтарын көбейтіп, заманауи жеміс қоймаларын салсақ, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорт көлемін де арттыруға мүмкіндік аламыз. Бұл межені бағындыруға күш-қуатымыз жетеді», – деді Олжас Еркінұлы.

Қазіргі уақытта кәсіпорын өнімдерін сақтау үшін арнайы қойма орындарын жалға алады. Алдағы уақытта сыйымдылығы 2500 тонна болатын заманауи жеміс қоймасын салуды жоспарлап отыр. Компания бұл жобаны қаржыландыруға өтінім берген, қазір тиісті шешімді күтіп отыр. 

Жылына 300 мың элиталық көшет өндіруге қауқарлы

Apple Bee компаниясының тағы бір маңызды бағыты – жеміс ағаштарының көшеттерін өсіру.

Алғашында, 2016 жылы, көшеттерді тек өз бақтарына отырғызу үшін дайындаған. Кейін мұны кеңейтіп, 2023 жылы арнайы лицензия алған. Соның арқасында қазір еліміздің әр қиырындағы бағбандар көшеттерді осы компанияда сатып алып жатыр. 

Шаруашылық жыл сайын 200 мыңнан астам элиталық көшет өсіреді. 2026 жылы мамандар 189 мың екіжылдық көшет дайындаған. Олардың басым бөлігі басқа шаруашылықтарға беріліп, қалғаны компанияның өз бақтарына отырғызылған.

Кәсіпорынның жылына 300 мың көшет өсіруге мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 1 миллионға жеткізуді көздеп отыр.

Ол үшін компания Франция мен Нидерландтағы алма сорттарын шығарумен айналысатын кәсіпорындармен жұмыс істейді. Сондай-ақ Қазақстанның Биотехнология институтымен байланыс орнатқан. Яғни еліміздің ауа райына бейімделген, ауруға төзімді, сапалы алма көшеттерін көбейтуді жоспарлауда.

Алмадан табиғи шырын да шығарады

Кәсіпорын алма өсірумен ғана шектелмейді. Мұнда жемісті қайта өңдейтін өндіріс орны да жұмыс істейді.

Мұнда алмаға қант, консервант немесе жасанды хош иістендіргіш қоспай, табиғи шырын дайындайды.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 мың литр алма шырынын шығаруға жетеді.

Жиналған алмалар алдымен арнайы құрылғымен сұрыпталады. Сыртқы түрі әдемі, сапалы жемістер дүкендерге жіберіледі. Ал пішіні келіспегенімен, жеуге жарамды алмалар шырын жасауға пайдаланылады.

Осылайша өнімнің ысырап болуына жол берілмейді.

Ауыл тұрғындарына жұмыс беріп отыр

Apple Bee ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындардың бірі.

Қазір мұнда 43 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал алма жинау немесе көшет қазу маусымында қосымша адамдар алынады. Сол кезде жұмысшылар саны 100 адамға дейін жетеді.

Компания жастарды да ауыл шаруашылығына тартуға тырысып жатыр. Өйткені қазіргі алма өсіру бұрынғыдай тек ағаш отырғызып, су құюмен шектелмейді.

Бүгінде бұл салаға техниканы меңгерген, суару жүйелерін басқара алатын, компьютерлік технологияларды білетін мамандар қажет.

Сондықтан шаруашылық жұмысшылардың жаңа технологияларды үйренуіне, тәжірибе жинауына көңіл бөледі.

Adaladam.kz, Алматы облысы.