×

Маңғыстауда жаңғыртудан өткен теміржол вокзалы қайта ашылды

Adal Adam 23.10.2026 | 12:19
Маңғыстауда жаңғыртудан өткен теміржол вокзалы қайта ашылды
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Маңғыстауда қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы жолаушыларға қызмет көрсете бастады. Үш қабатты кешеннің жалпы аумағы 9 мың шаршы метрден асады. Бұл бұрынғы ғимараттың аумағынан 11 есе үлкен, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, теміржол саласының ардагерлері, өңір тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, вокзалды жаңғырту көлік инфрақұрылымын жаңартуға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол вокзалдарын жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгін осы бастама аясында „Маңғыстау“ теміржол вокзалы жаңарып, халық игілігіне берілді.

Жеке өзім „Маңғыстау“ вокзалын ең әдемі әрі бірегей нысандардың бірі деп санаймын. Теңізбен үндескен келбеті, заманауи сәулеті, ішкі және сыртқы бөліктерінің үйлесімділігі көз қуантады.

Маңғыстау теміржолының тарихында аянбай еңбек етіп, саланың дамуына үлес қосқан ардагерлерге ерекше алғысымды білдіремін. Жаңарған вокзал маңғыстаулықтар мен өңір қонақтарына сапалы қызмет көрсетіп, ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет етсін», – деді облыс әкімі.

Вокзалда не өзгерді?

Бұрынғы вокзал ғимаратының аумағы 763,7 шаршы метр болса, қазір кешеннің жалпы аумағы 9 мың шаршы метрден асады.

Вокзал тәулігіне 2 500 жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген. Жазғы қарбалас маусымда бұл көрсеткіш 4 000 жолаушыға дейін жетуі мүмкін.

Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін ғимаратта алты лифт, екі эскалатор және бес траволатор орнатылған. Сонымен қатар күту залдары, билет кассалары мен ана мен бала бөлмесі қарастырылған. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін де қажетті жағдайлар жасалған.

Өңір тұрғындары жаңарған вокзалдың ашылғанына қуанышты екенін білдірді.

«Жаңарған вокзалдың кең әрі заманауи болғанына өте қуаныштымыз. Жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Халыққа қажетті осы жобаның бастамашылары болған Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне алғысымды білдіремін», – деді Маңғыстау ауылының тұрғыны Алуаш Уңғарова.

Ғимарат hi-tech стилінде безендірілген. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қасбеттің витраждары мен сәулеттік элементтерін жобалау кезінде Маңғыстау табиғаты мен Каспий теңізінің толқындарынан шабыт алынған.

Вокзал аумағында 160 автокөлікке арналған тұрақ салынып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Құрылыс жұмыстарын «АқжолҚұрылыс» ЖШС орындады.

Лента қию рәсімінен кейін вокзал жолаушыларға ресми түрде қызмет көрсете бастады.