×

Республика күні: Қызылорда облысында тауарларға 50 пайызға дейін жеңілдік жасалып жатыр

Даурен Омаров 24.10.2026 | 22:41
Республика күні: Қызылорда облысында тауарларға 50 пайызға дейін жеңілдік жасалып жатыр
Қызылорда облысы әкімдігі

Республика күніне орай Қызылорда облысында «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтіп жатыр. Мерекелік науқан аясында өңірдегі 31 сауда нысаны тұрғындарға түрлі тауарларды жеңілдікпен ұсынып отыр, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Атап айтқанда, «Republic Day» акциясы бойынша тауарларға 10–50 пайыз, ал «Bereke Fest» аясында 5–25 пайыз аралығында жеңілдіктер қарастырылған.

«Republic Day» акциясына облыс бойынша 23 сауда нысаны қатысуда. Олардың қатарында Қызылорда қаласындағы «Aray City Mall», «Жібек жолы», «Байұзақ Плаза», «Ағжан», «Aizada Plaza», «ADS Plaza», «Отырар», «Айтбек», «Modnica», «Luxury Mall», «Модный рай», «Фристайл» және «Дәстүр» сауда орталықтары мен сауда үйлері бар.

Сондай-ақ акцияға Сырдария, Жаңақорған, Қазалы, Қармақшы, Шиелі және Жалағаш аудандарындағы сауда нысандары да қосылған.

Ал «Bereke Fest» акциясы Қызылорда қаласындағы «Magnum», «Small», «Қызылорда оптомаркет», «Радуга», «Анвар», «Azhar City» және Арал ауданындағы «Сымбат» пен «Green» сауда желілерінде ұйымдастырылуда.

Мерекелік акциялар аясында тұрғындар күнделікті қажетті тауарларды тиімді бағамен сатып ала алады.

Сонымен қатар сауда орындарында мерекелік концерттер, патриоттық әндер кеші, түрлі байқаулар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен жергілікті тауар өндірушілердің көрмелері ұйымдастырылып жатыр.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, акциялардың негізгі мақсаты – тұрғындарға қолжетімді бағамен сауда жасауға мүмкіндік беру, отбасылық шығындарды азайту және Республика күніне орай мерекелік көңіл күй қалыптастыру.

Айта кетейік, «Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары Қызылорда қаласымен қатар облыстың бірқатар аудандарын да қамтып отыр.