Республика күніне орай Жетісу облысында елуге жуық азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды
Жетісу облысында Республика күніне орай түрлі салада еңбек етіп жүрген елуге жуық азамат мемлекеттік наградаларға және «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Марапаттарды Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы академиялық драма театрында өткен салтанатты жиында облыс әкімі Бейбіт Исабаев табыстады. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Adaladam.kz.
Салтанатты шара Қазақстанның Мемлекеттік Туын алып шығу және Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды. Одан кейін өңір басшысы жиналған жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтады.
«Республика күні – өткеннен тағылым алып, бүгінгі бағытымызды сараптайтын, келешекке сенімімізді бекемдейтін айрықша мереке. Бұл – туған жерге деген сүйіспеншілікті, Отанға деген адалдықты, елдік мұрат пен ортақ жауапкершілікті терең сезінетін күн. Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Осы мерейлі жыл еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы болды. Мемлекет басшысының реформаларының нақты нәтижесі ең алдымен халықтың тұрмысынан және өңірлердің дамуынан көрініс табуда. Осы жетістіктерге береке-бірлігімен, адал еңбегімен үлес қосып жүрген барша жетісулық азаматтарға шынайы алғыс айтамын», – деді Бейбіт Исабаев.
Марапаттау рәсімінде «Құрмет» орденімен Сарқан ауданындағы «Абылкасымов Б» шаруа қожалығының басшысы Балтабек Әбілқасымов, «Рамазан» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бекиев, Талдықорған қалалық емханасының дәрігері Ләйлә Төлеуханова, Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның әншісі Абылайхан Хармысов және «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық паркінің бас директоры Қуат Байтұрбаев марапатталды.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін Қаратал ауданындағы «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының жетекшісі Бабай Жанысбаев, «Текелі Су құбыры» кәсіпорнының операторы Марина Коваленко және «Басқуат» серіктестігінің жұмысшысы Валентин Пажитных алды. Сондай-ақ бірқатар азаматқа «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары табысталып, «Жетісу облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Марапат иелерінің атынан сөз сөйлеген Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның әншісі Абылайхан Хармысов жерлестерін Республика күнімен құттықтады.
Шара барысында марапатталған азаматтар өздерінің еңбек жолы мен марапаттың мәні туралы пікір білдірді.
«Нұрсұлтан» шаруа қожалығының жетекшісі Бабай Жанысбаев ауыл шаруашылығы саласында 44 жыл еңбек еткенін айтты. Оның сөзінше, жеке шаруашылығында жылқы өсірумен айналысады және алты адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін ұзақ жылғы еңбегінің бағасы деп санайтынын жеткізді.
Медицина саласында шамамен 40 жыл еңбек еткен Ләйлә Төлеуханова «Құрмет» орденін алуды кәсіби қызметіне берілген жоғары баға ретінде қабылдайтынын атап өтті.
Ал «Алацем» зауытында дәнекерлеуші әрі токарь болып жұмыс істейтін Александр Постол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ол бұл марапат алдағы уақытта да жауапкершілікпен еңбек етуге ынталандыратынын айтты.
Мерекелік жиын жергілікті өнер ұжымдарының концертімен жалғасты.