×

Әйелінен сұранатын еркек «подкаблучник» пе?

Даурен Омаров 12.10.2026 | 12:53
Әйелінен сұранатын еркек «подкаблучник» пе?
ЖИ

Психолог, «Отбасы академиясының» негізін қалаушы Ержан Мырзабаев Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында әйелдердің интуициясы мықты болатынын айтып, кей жағдайда жұбайының ескертуі ер адамды қате шешімнен немесе қауіп-қатерден сақтауы мүмкін деген пікір білдірді. 

«Менің байқағаным, әйелдердің интуициясы мықты болады. Кейде әйелің «Бүгін бармай-ақ қойсаң жақсы болар еді» десе, шынымен бармаған дұрыс шығар. Мысалы, “Мына кәсіпке араласпай-ақ қойшы, біртүрлі болып тұр” дейді. Күйеуі тыңдамай, сол іске кіріседі. Ақырында біреу алдап кетеді немесе банкротқа ұшырайды, жұмысы жүрмей қалады», – деді ол.

Психолог мұндай жағдайларға қатысты тағы бір мысал келтірді.

«Немесе «Бүгін кешке футболға бармай-ақ қойшы» дейді. Күйеуі тыңдамай барады да, футбол ойнап жүріп аяғын сындырып алады. Кей жағдайда әйелің бір нәрсені іштей сезіп, сені қауіп-қатерден сақтандыруы мүмкін», – деп түсіндірді Ержан Мырзабаев.

Ержан Мырзабаевтың айтуынша, әйелінен сұранатын ер адамды әлсіз немесе әйелінің айтқанынан шықпайтын адам деп қабылдау дұрыс емес.

«Сұранудың мәнін ұмытпау керек. Бұл – “Маған сенің ойың маңызды” деген сөз. Әйелің бір нәрсеге қарсылық білдірсе, оның да өзіндік себебі бар. Онымен санасу қажет», – деді ол.

Психолог кейбір ер адамдардың достарымен кездескісі келмегенде әйелін сылтау ететінін де әзілмен жеткізді.

«Кейбір достарымыз әйелін жақсы сылтау етіп алған. Достармен бас қосайық десек, өзі барғысы келмейді ме, ақша жұмсағысы келмейді ме, “Әйелім жібермей жатыр” дейді. Енді әйеліне хабарласып, “Досымызды жіберші” деп айта алмайсың ғой. Кейін білсек, әйелі: “Мен ешқашан қарсы болған емеспін. Өзі барғысы келмеген соң мені сылтаурата салады” дейді», – деп күлді ол.

Ержан Мырзабаев өмірлік серігінің пікірін ескеру отбасындағы сыйластықтың маңызды бөлігі екенін атап өтті.

«Әйел – сенің өмірлік серігің. Белгілі бір уақыттан кейін ағайын-туысыңнан да жақын адамға айналады. Ендеше оның ойы мен пікірі де сен үшін маңызды болуы керек», – деді психолог.

Оның пікірінше, ерлі-зайыптылар келіспеушілікті бір-біріне бұйрық беру арқылы емес, сөйлесіп, түсінісіп, ортақ шешімге келу арқылы шешуі қажет.

«Мәдени адамдарды жеңудің жолы – көндіру деп аталады», – деп түйіндеді Ержан Мырзабаев.