×

Ауыл шаруашылығы мен су тапшылығы: Құрылтайда қандай мәселелер көтерілді?

Даурен Омаров 03.11.2026 | 22:33
Ауыл шаруашылығы мен су тапшылығы: Құрылтайда қандай мәселелер көтерілді?
Құрылтай

Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығы, су ресурстары және экология салаларына қатысты тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Adaladam.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен өткен кеңейтілген отырысқа Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева, депутаттар және тиісті министрліктердің өкілдері қатысты.

Жиында Дания Еспаева Президенттің ауыл шаруашылығы мен су ресурстарына қатысты тапсырмалары шұғыл әрі жүйелі шешімдерді қажет ететінін атап өтті.

«Мемлекет басшысының жалпыұлттық Жолдау деңгейіне осы мәселелерді шығаруы жағдайдың шұғыл және жүйелі шешімдерді талап ететінін көрсетеді. Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау және өткізу жүйесін жетілдіру, ірі шаруашылықтар мен фермерлердің агрологистикалық орталықтарға кепілдендірілген қолжетімділігі, «Халық құрылысы» шеңберінде ауылдық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ АӨК-ге жасанды интеллект енгізу бойынша міндеттер қойды», – деді Дания Еспаева.

Оның айтуынша, су тапшылығы мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Президент суды тұтынуға бақылауды күшейтуді, құбырлар мен суару желілеріндегі шығындарды азайтуды, тарифтік реформаны аяқтауды және Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін іске қосуды тапсырған.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов бұл бағытта су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту, су үнемдеу технологияларын енгізу, саланы цифрландыру және мемлекеттік бақылауды күшейту жұмыстары жүргізілетінін айтты.

«Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету, тарифтік саясатты жетілдіру және жаңа Су кодексінің ережелерін іс жүзінде іске асыру ерекше маңызға ие», – деді вице-министр.

Ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов аграрлық саланы дамыту үшін шаруаларға қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландыру қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, фермерлерді қолдау үшін бюджет қаражаты мен коммерциялық қаржы көздерін біріктіру жоспарланып отыр. Бұл шаруалардың жеңілдетілген несие алып, өз жұмысын бірнеше жылға алдын ала жоспарлауына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингі арқылы мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру жалғасады. Ал «ҚазАгроҚаржы» арқылы тракторлар мен комбайндарды жеңілдетілген лизингпен сатып алу бағдарламасы іске асырыла береді.