Ақтауда «AI Digital Mangystau – 2026» халықаралық форумы өтті
Ақтауда цифрлық трансформацияны жеделдету, жасанды интеллект технологияларын экономиканың түрлі салаларына енгізу, IT-кәсіпкерлікті дамыту және инновациялық жобаларды қолдауға арналған «AI Digital Mangystau – 2026» халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Ауқымды іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, IT саласының мамандары, стартаперлер, кәсіпкерлер, технологиялық компаниялардың өкілдері мен жастар қатысты.
Форум аясында қатысушылар алдымен жасанды интеллект негізінде әзірленген жобалар мен стартаптар көрмесін тамашалады. Көрмеде робот-гуманоид, робототехника саласындағы әзірлемелер және IT бағытындағы заманауи технологиялық шешімдер таныстырылды.
Өз жобаларын Target AI, Alert X (Intel X), Qamal HR, Jana Market, IUI, Elim Kz, Freedom, Mediana, Edus, Shern 3D және Sanlaq командалары ұсынды. Қатысушылар әзірлемелермен танысып, олардың қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.
Форумның пленарлық отырысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамытудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытқа Мемлекет басшысы ерекше басымдық беріп отыр. Жаңа технологияларды меңгеру елдің алдағы даму кезеңінде маңызды рөл атқарады.
«Мемлекет басшысы цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамытуға ерекше басымдық беріп келеді. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да жасанды интеллектінің жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Жасанды интеллектіні меңгеру мәселесі қазір өте өзекті. Бұл сала қарқынды дамып келеді. Ертеңгі күні артта қалмау үшін уақытымызды жаңа технологияларды үйренуге және дамытуға жұмсауымыз қажет.
Алдағы уақытта технологиялық өзгерістер еңбек нарығына да әсер етіп, бірқатар мамандықтардың трансформациялануына және жаңа кәсіптердің қалыптасуына ықпал етеді. Мемлекет пен Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп, жаңа технологияларды меңгеруге жағдай жасалып жатыр. Ең бастысы – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, үнемі іздену, білімді жетілдіру және заман талабына сай даму. Баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Форум барысында цифрлық даму мен инновациялық экожүйенің қалыптасуына үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды. Оларға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары, сондай-ақ Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Іс-шара «Жасанды интеллект: Маңғыстау облысының цифрлық болашағы» тақырыбындағы панельдік сессиямен жалғасты.
Сессияға компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Лаула Орынбасарқызы модераторлық етті. Талқылауға «Mediana Services Limited» компаниясының бас директоры Өмірбек Оразымбетұлы, Target Information Security директоры әрі ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі аудитор Лаура Тлепина, Freedom Cloud компаниясының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Алмас Кабсаматов және Маңғыстау облысы әкімінің ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Бауыржан Маханов қатысты.
Панельдік сессия барысында өңірдің цифрлық даму перспективалары, жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар Astana Hub IT өнімдері кеңсесінің Product Manager-і Әйгерім Даирова «ЖИ дәуірінде цифрлық өнімдерді әзірлеу: идеядан нақты құндылыққа дейін» тақырыбында баяндама жасап, өз тәжірибесімен бөлісті.
Форум аясындағы бағдарлама Startup Battle және Robo Game байқауларымен, сондай-ақ «Жұмыс істеуге арналған ЖИ құралдары» тақырыбындағы GDG Workshop шеберлік сабағымен жалғасады. Іс-шара қорытындысы бойынша байқау жеңімпаздары марапатталады.
«AI Digital Mangystau – 2026» форумы өңірдегі IT қауымдастық өкілдерінің, кәсіпкерлер мен жас мамандардың басын қосып, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.