×

Қазақстан Халық кеңесі жастар қозғалысының құрамы қалыптасты

Даурен Омаров 16.11.2026 | 19:08
Қазақстан Халық кеңесі жастар қозғалысының құрамы қалыптасты
Халық кеңесі

Қазақстан Халық Кеңесі Жастар қозғалысының құрамын айқындау жұмысын аяқтады. Оның құрамына өз салаларында белсенділік танытып жүрген 126 жас қазақстандық енді.

Қозғалыс өңірлік және кәсіби өкілдік қағидаттарын ескере отырып жасалды. Оның құрамына жұмысшы жастар, білім және ғылым саласының өкілдері, студенттік және мектептегі өзін-өзі басқару ұйымдарының мүшелері, денсаулық сақтау, мәдениет, креативті индустрия, спорт, экология, волонтерлік және бизнес салаларының өкілдері кірді. Сондай-ақ қозғалыс құрамында этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттарының көшбасшылары да бар.

Қазақстан Халық Кеңесінің Жастар қозғалысының мүшелері қатарында энергетика саласының өкілдері Әсет Әмірбеков пен Мадияр Қинаятов, металлургтер Мақсат Маханбетов пен Александр Ольтов, дәрігер-аритмолог Сардор Юлдашев, полиглот Мәди Базилбек, Airbus A320 ұшқышы Жохар Юнусов, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов, 2026 жылғы Азия ойындарының чемпиондары Тамирлан Тілеулес пен Ерлік Сертай, мемлекеттік тілді дәріптеуші Анастасия Нугуманова, Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері Жасұлан Қуандық пен Рауль Линдт, тележүргізушілер Азамат Әбілқайыр, Алла Гаврина және Бексұлтан Әкімжан, сондай-ақ Қазақстанның жастар қауымдастығының өзге де белсенді өкілдері бар.

Жастар қозғалысын құру туралы бастаманы Солтүстік Қазақстан облысында өткен «Ұлттың жаңа болмысы: жастар және азаматтық жауапкершілік» атты республикалық жастар лагерінің қатысушылары көтерді. Дәл осы жиында жас қатысушылар еліміздің белсенді жастарына өз бастамаларын ұсынып қана қоймай, қоғамдық өмірге және шешімдер қабылдау үдерісіне тікелей қатысуға мүмкіндік беретін алаң құру туралы ұсыныс білдірді.

Жастар қозғалысы жастар әлеуетін біріктіруге, перспективалы бастамаларды ілгерілетуге, өзекті мәселелерді талқылауға және жастар саясатын дамыту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге бағытталған маңызды сараптамалық әрі қоғамдық алаңға айналады деп күтілуде.

Қозғалыс мүшелері Қазақстан Халық Кеңесінің қазіргі мүшелерімен әріптестік орнатып, тұрақты комитеттер мен салалық комиссиялардың жұмысына қатысады. Сондай-ақ жастар күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар енгізеді.

Осылайша, Жастар қозғалысы қазақстандық жас ұрпақты қоғамдық үдерістерге тартудың және жалпыұлттық міндеттерді шешуге қатыстырудың тиімді тетігіне айналмақ.