Маңғыстаудың шөлейт даласында алғаш рет күздік бидай егілді
Табиғаты қатал Маңғыстау облысында егін шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа жоба қолға алынды. Өңірде алғаш рет күздік бидай егіліп, 300 гектар алқаптан 600 тоннаға дейін өнім алу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Adaladam.kz.
18 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданына жұмыс сапары барысында Шайыр ауылдық округіне қарасты Тасмұрын жеріндегі бидай өсіру жобасымен танысты. Осы күні алқапқа алғашқы күздік бидай тұқымы себілді.
Жоба аясында «Мақсат» шаруа қожалығына картоп пен бидай өсіру үшін 2 мың гектар жер үш жыл мерзімге жалға берілген.
Биыл шаруашылық 300 гектар жерді өңдеп, күздік бидай егуге кірісті. Қазіргі таңда жер жырту, топырақты құнарландыру және тұқым себу жұмыстары жүргізілуде. Шаруашылық қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, соның ішінде трактор, соқа, тұқым сепкіш және комбайнмен қамтамасыз етілген. Мұнда 15 адам еңбек етеді.
Жоспар бойынша әр гектардан 15–20 центнер өнім алу көзделген. Осылайша, 300 гектар алқаптан 450–600 тонна бидай жинау күтілуде.
Егіс алқабындағы жұмыстармен танысқан облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау өңірінде ауыл шаруашылығын әртараптандыру, жер ресурстарын тиімді пайдалану және егіншілікті дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ өңір басшысы қолға алынған жобаның нәтижелі жүзеге асуына қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Табиғи-климаттық жағдайы күрделі Маңғыстауда күздік бидай өсіру бастамасы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа бағыттардың бірі болмақ. Жоба ойдағыдай жүзеге асса, алдағы уақытта егістік көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туады.