×

Қазақстан өсімдік майын экспорттаудан әлемде алтыншы орынға шықты

Даурен Омаров 23.11.2026 | 11:19
Қазақстан өсімдік майын экспорттаудан әлемде алтыншы орынға шықты
Құрылтай

Қазақстан өсімдік майының экспорты бойынша әлемде алтыншы орынға шықты. Елімізде өндірілетін өсімдік майының көлемі ішкі қажеттіліктен үш есе көп. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Вице-министрдің айтуынша, елімізде майлы дақылдарды қайта өңдеу саласы қарқынды дамып келеді. Қазір бұл бағытта жылына 5 миллион тоннадан астам шикізат өңдеуге қауқарлы 97 кәсіпорын жұмыс істейді.

Соңғы екі жылда жалпы қуаты 277 мың тоннаны құрайтын ірі өндірістік жобалар іске қосылған.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша өсімдік майын өндіру көлемі 954,6 мың тоннаны, оның ішінде күнбағыс майы 813,5 мың тоннаны құрады», – деді Нұрсұлу Хатепова.

Биыл да өндіріс көлемі артып келеді. 2026 жылдың алғашқы 10 айында елімізде 938 мың тонна өсімдік майы өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,1 пайызға көп.

Вице-министр Қазақстанның өсімдік майын өндіру әлеуеті ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортты ұлғайтуға да мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Өсімдік майын өндіру көлемі ішкі қажеттіліктен 3 есе асып түседі. Бұл экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан өсімдік майының экспорты бойынша әлемде алтыншы орын алады», – деді ол.

2025 жылы елімізден 800 мың тонна өсімдік майы экспортталған. Оның 688 мың тоннасы – күнбағыс майы.

Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында күнбағыс, мақсары және мақта майларының экспорты 40,5 пайызға өсіп, 661,5 мың тоннаға жеткен. Рапс және қыша майларының экспорты 1,9 есе артып, 96,7 мың тоннаны құрады.

Сонымен қатар Қазақстан Еуропалық одақ нарығына күнбағыс шротын жеткізетін ірі елдердің бірі саналады.

Осылайша, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында өндіріс көлемі ұлғайып, қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтағы үлесі артып келеді.