×

Ермұрат Бапи: Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім

Adal Adam 04.02.2026 | 10:30
Ермұрат Бапи: Тәуелсіздік дегеніміз – ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бәпи елдегі конституциялық реформаларға қатысты пікір білдіріп, бұл өзгерістердің мемлекеттік тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Депутат ең алдымен Мәжіліс спикеріне конституциялық реформаны талқылау мәселесін күн тәртібіне енгізгені үшін алғыс білдірді.

«Осындай орасан өзгеріске қатысты мемлекеттік өкілетті органның трибунасынан сөз айтпай қалуымызға болмайтын еді», – деді ол.

Ермұрат Бәпи қазақстандық қоғамның ұзақ уақыт бойы саяси жаңғыруды талап етіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2022 жылғы референдум бұрынғы 30 жылда қалыптасқан саяси жүйенің өзгеруіне жол ашты.

Сонымен бірге депутат әлеуметтік желілерде соңғы айларда конституциялық өзгерістерге қатысты біржақты сын көбейгенін жеткізді.

Депутат Конституция жобасына қатысты пікірталастардың бір бөлігі тіл тақырыбына келіп тірелетінін айтты. Ол ұлттық талаптарды түсінуге болатынын, алайда тіл мәселесін текетірес құралына айналдыру қауіпті екенін ескертті.

«Тілді ерегестің қаруына айналдыру бізге абырой әпермейді», – деді Ермұрат Бәпи.

Мәжіліс депутаты қазіргі халықаралық жағдайдың күрделі екенін айтып, Қазақстан үшін ішкі тұрақтылықты сақтау аса маңызды екенін атап өтті.

Оның пікірінше, жаңа Конституция жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттілікті нығайту және сыртқы тәуекелдерге қарсы тұру.

Ермұрат Бәпи қоғамда Конституция жобасының 48-бабына қатысты алаңдаушылық бар екенін айтты. Бұл бапта президент пен экс-президенттің ар-намысына қатысты кепілдіктер көрсетілген.

Депутат мұндай күдіктердің негізсіз екенін атап өтіп, 2022 жылғы заң бойынша президенттің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынғанын еске салды.

Сөз соңында Ермұрат Бәпи тәуелсіздік пен ел қауіпсіздігін сақтау әр азаматтың міндеті екенін айтып, қоғамды сабыр мен парасатқа шақырды.

«Қазақстанның тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету – әрбір азаматтың міндеті», – деді депутат.