Нұрлан Әуесбаев: Конституциялық реформа – саяси жаңғырудың жалғасы
Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Конституциялық реформаға қатысты пікір білдіріп, қоғамды эмоцияға берілмей, сабыр сақтап, нақты деректерге сүйенуге шақырды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі реформалар аяқ астынан қабылданған шешім емес, бұл – Қазақстанның 2022 жылдан бері жүргізіп келе жатқан саяси өзгерістерінің заңды жалғасы.
«Бұл табан астынан пайда бола салған дүние емес. Қазақстанның 2022 жылдан бастап қолға алған күрделі саяси реформаларының жалғасы», – деді ол.
Нұрлан Әуесбаев халық арасында бірпалаталы парламентке қатысты сыни пікірлер көбейгенін атап өтті. Оның сөзінше, қоғам заң шығарушы органның тиімді әрі түсінікті моделін талап етіп отыр.
Депутат заң шығару жүйесінің күрделі құрылымынан бас тартып, қарапайым әрі жауапты форматқа көшу қажеттігін айтты.
Сонымен қатар ол бұл мәселе ЖСДП үшін бұрыннан белгілі ұстаным екенін жеткізді.
«2013 жылғы партия бағдарламасында унитарлы мемлекет үшін екіпалаталы парламент тиімсіз екені нақты көрсетілген», – деді Әуесбаев.
Депутат реформалар аясында қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайту үшін жаңа консультативтік орган құру ұсынылып отырғанын айтты.
Оның сөзінше, Халық Кеңесі қоғамдық диалог алаңы ретінде қалыптасып, азаматтардың ұсыныстарын еркін білдіруіне мүмкіндік береді.
Әуесбаев Конституцияның жаңа жобасы билікті бір қолға шоғырландыруға жол бермейтінін атап өтті.
Атап айтқанда:
Президент бір рет қана сайланады
Мерзімі – 7 жыл
Президент міндетін уақытша атқарушы тұлға қайта сайлана алмайды
Президенттің парламентті тарату және Конституцияны өзгерту құқығы шектеледі
Депутат қоғамда азаматтардың құқықтары шектелуі мүмкін деген алаңдаушылық бар екенін айтты. Алайда оның пікірінше, жаңа жоба бейбіт жиналыстар мен сөз бостандығына қатысты құқықтарды сақтап отыр.
«Бейбіт жиналыс өткізу еркіндігі мен сөз бостандығы бұрынғыдай сақталады. Тек құқықтық рәсімдер нақтыланып жатыр», – деді ол.
Сөз соңында Нұрлан Әуесбаев жаңа Конституция жобасы халық сұранысы мен қоғамнан шыққан нақты ұсыныстарды қамтып отырғанын айтты.
Оның пікірінше, басты міндет – реформалардың мазмұнын азаматтарға ашық әрі түсінікті түрде жеткізу.