«44 млрд текше метр су босқа кетті»: Депутат Арал теңізіне қатысты пікір білдірді

Бүгінде Су ресурстары және ирригация министрлігі Арал теңізіне қатысты ұсынған екі деңгейлі схемасы халық тарапынан сынға ұшырауда. Яғни, мемлекет Көкарал бөгетін қалыс қалдырып, Сарышығанақ бұғазына платина салуға басымдық бермек. Аталған тақырыпқа қатысты Adaladam.kz сайтына сұхбат берген Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Арал теңізінің тағдырына балта шабуы мүмкін деп санайды. Айтуынша, бұл қадам экологиялық ғана емес, әлеуметтік мәселені де ушықтыра түсетін болады.
– Арал теңізі мәселесін көтеріп, Дүниежүзілік банкке қолдау бойынша ұсыныс айтқан кезде Сарышығанақ туралы сөз болған жоқ. Арал теңізінің жалпы су көлемін қалпына келтіру, экологиясын туралы туралы айтылды. Неге? Себебі Арал теңізі – экология, жергілікті халықтың денсаулығы. Сол маңайда 200 мың халық қоныстанған.
Ал министрлік Сарышығанақтың деңгейінен әлі аса алмай отыр. Айтуларынша, алдымен Сарышығанақ бұғазын толтырып, 50 метрлік бөгет салмақ. Ол 3-4 жылда суға толады-мыс. Ары қарай не істейміз? Мәселе қайта туындайды емес пе? Бұл – қате шешім. Сарышығанақ – 200 шаршы шақырым, ал Арал теңізінің көлемі – 3 200 шаршы шақырым. Сарышығанақ Арал теңізінің 15/1 бөлігі ғана. Аз аумаққа бола бүтін теңіздің тағдырына бейжай қарауға болмайды, – деді Мұрат Әбенов.
Депутат Сарышығанақ бұғазына бөгет салу несімен қауіпті екенін де айтқан. Оның айтуынша, жоба қолтау тапса, балық азайып, кәсіпкерлік кенжелейді.
– Сарышығанаққа су апару үшін шөлді жермен айналма канал қазу керек. Сырдария өзенін бөгеп, теріс су ағызу қажет. Жолда су Көкаралға жетпей жоғалады. Осылайша, Сырдарияның деңгейі түседі. Оған қоса Сарышығанаққа платина салынса, Арал теңізінің жалпы су көлемі көміп, тұздылығы артады. Балық саны кемуі ғажап емес. Экология нашарлайытыны айтпаса да анық. Теңізден табыс тауып отырған мыңдаған тұрғын мен 18 кәсіпорын шығынға батады. Мұнан өзге, халық арасында түсінбейшілік болады. Тек Сарышығанаққа су толтыратынымызды қалай түсіндіреміз? Бұл қоғамдық мәселеге айналмақ, – деді депутат.