×

Алматының Алатау ауданында сегіз жаңа мектеп ашылады

Adal Adam 25.06.2025 | 10:45
Алматының Алатау ауданында сегіз жаңа мектеп ашылады
Фото: Adaladam.kz

Алатау ауданы – мегаполистегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Қала аумағында жүргізіліп жатқан ауқымды құрылыстардың ішінде білім беру нысандарының саны айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, алдағы уақытта Алатау ауданында 13 250 оқушыға арналған сегіз жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілмек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Талғат Малыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Қазіргі таңда ауданда 31 мемлекеттік және 12 жекеменшік мектеп жұмыс істеп тұр. Бұл білім ошақтарында жалпы саны 61 095 оқушы білім алуда. Оның ішінде 57 814-і мемлекеттік, 3 281-і жеке мектептерде оқиды.

Алайда аудан халқының саны жылдан жылға артып келе жатқандықтан, мектептерге деген сұраныс жоғары. Биылғы оқу жылында ғана шамамен 6 мың орын жетіспейтіні байқалған. Бұл мәселені шешу мақсатында Алатау ауданы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында сегіз жаңа мектептің құрылысын қолға алған.

Аудан басшысының мәліметінше:

  • Самғау, Теректі, Қарасу ықшамаудандарында 2000 орындық үш мектептің құрылысы аяқталған;

  • Ақбұлақта1500 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын;

  • Айгерім ықшамауданында2000 орындық жаңа мектеп қыркүйек айында есігін ашады;

  • Алғабас пен Ғажайыпта – екі мектептің құрылысы басталды, олар 2026 жылы пайдалануға беріледі;

  • Зерделіде – 2026 жылы ашылатын 550 орындық екі мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Білім беретін мекемелермен қатар, аудан әкімдігі техникалық және қосымша білім беру бағыттарын да қатар дамытуды көздеп отыр.

  • Алғабас ауданында 720 орындық Инновациялық техникалық колледждің құрылысы басталды. Жоба құны — 7,4 млрд теңге, нысан 2026 жылдың қаңтарында пайдалануға беріледі.

  • Саялыда Инновациялық шығармашылық орталық салынып жатыр. Бұл мекеме келесі жылы ашылып, балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымша білім берудің ауқымды орталығына айналмақ.

Аудан әкімі Талғат Малыбаевтың айтуынша, негізгі мақсат – балалар үшін қолайлы жағдай жасап, сапалы білім беруге жол ашу.

«Алатау ауданында тек мектеп салып қоймай, техникалық және шығармашылық білім беруді қатар дамытуымыз қажет. Бұл – келешек ұрпақтың болашағына салынған инвестиция», – деді әкім.