×

Жамбыл облысында биыл 65 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады

Adal Adam 30.09.2025 | 14:27
Жамбыл облысында биыл 65 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады
Фото: pixabay.com

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте денсаулық сақтау және жұмыспен қамту салаларындағы атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер қаралды. Жиынға салалық басқармалар мен департамент басшылары, сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан әкімдері қатысты, деп хабарлайды Adaladam.kz.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, өңірде халық денсаулығына қатысты оң көрсеткіштер байқалып отыр. 2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша тыныс алу жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 0,2%-ға, ал туберкулезден болатын өлім 7,5%-ға төмендеген.

Сонымен қатар, саладағы басты проблемалардың бірі – кадр тапшылығы. Қазіргі таңда Жамбыл облысында 109 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдар ұзақ мерзімді жоспарларды жүзеге асыруда.

2019–2025 жылдар аралығында облыс әкімдігінің гранты негізінде жалпы медицина мамандығы бойынша 58 студент оқып жатыр. Алғашқы түлектер 2026 жылы еңбек жолына кіріседі деп күтілуде. Бұдан бөлек, резидентураға 179 грант бөлініп, 53 жас дәрігер оқуын тәмамдаған соң мемлекеттік медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасты. Бүгінде 84 резидент білімін жалғастыруда, ал 7 жас маман әлеуметтік демалыста.

Мамандарды тарту және ұстап қалу үшін облыста әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Биыл 41 дәрігерге тұрғын үй сатып алу немесе салу мақсатында 367,3 млн теңгеге дейін бюджеттік несие берілді. Сонымен қатар, 129 жас маманға жалпы құны 47,6 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді.

Оған қоса, өңірлік әкімдіктер дәрігерлерге қосымша қолдау тетіктерін ұсынып отыр. Бұл бастамалар ауылдық аймақтардағы кадр тапшылығын азайтуға бағытталған.

Сала мамандарының кәсіби деңгейін көтеру де назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылы барлығы 2 468 медицина қызметкерін оқыту жоспарланған. Оның ішінде 589 дәрігер және 1 879 орта буын маман бар. Қазіргі таңда 1 891 медицина қызметкері біліктілігін арттырып үлгерді.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бекболат Мұқановтың мәліметінше, биылғы жылдың жоспарына сәйкес Жамбыл облысында 65 647 жұмыс орны ашылуы тиіс. 24 қыркүйектегі жағдай бойынша соның 43 064-і құрылып үлгерді.

Президенттің «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасын орындау аясында 11 933 жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіш жылдық жоспардың (12 534) басым бөлігін құрайды.

Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 16 792 адам тартылып, 13 122 адам жұмыс берушілердің бос орындарына орналасты. Дегенмен, Тараз қаласы мен Меркі ауданында көрсеткіш ең төмен деңгейде қалып отыр.

Еңбек биржасына 158 жоба енгізіліп, нәтижесінде 1 217 азамат жұмысқа орналасты. Бұл бағытта да Тараз қаласы, Жамбыл және Мойынқұм аудандары төмен нәтиже көрсеткен.

Сонымен бірге өңірде отбасыларға қолдау көрсету орталықтарының жұмысы жүргізілуде. Мұндай орталықтар Тараз қаласы мен бірқатар аудандарда ашылғанымен, Шу және Қордайда әлі де жұмыс істемейді. Сондай-ақ аталған аудандарда өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдармен жұмыс істейтін мобильдік топтар да құрылмаған.

2025 жылы Жамбыл облысында 262 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын мүгедектігі бар адамдарға бейімдеу жоспарланған. Қазіргі таңда 127 нысан толық бейімделсе, 121 нысан жартылай бейімделген. Жамбыл, Жуалы, Меркі және Сарысу аудандарындағы 14 нысан әзірге бейімделмей тұр.

Бұл жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуын облыс басшылығы ерекше бақылауда ұстайтын болады.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бірнеше нақты тапсырма берді. Атап айтқанда:

  • денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі шешу;
  • медициналық қызмет сапасын арттыру;
  • әлеуметтік нысандардың құрылыс және жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау;
  • азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарын толық орындау;
  • әлеуметтік қолдау түрлерін тұрғындарға уақтылы жеткізу;
  • аудандарда Отбасын қолдау орталықтары мен мобильдік топтарды құруды жеделдету.

Облыс әкімінің айтуынша, аталған шаралар халықтың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталмақ.