Атырау облысы Қызылқоға ауданында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді
Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылында жаңа спорт кешені салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды Adaladam.kz.
Нысан аудан әкімдігінің қолдауымен салынған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған спорт кешенінде футбол, волейбол, баскетбол, бокс, дзюдо, джиу-джитсу секілді спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік қарастырылған.
Ашылу рәсіміне қатысқан Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Ауыл жастарын салауатты өмір салтына баулу – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта ауданымыздың бірқатар елді мекендерінде жаңа спорт нысандары пайдалануға беріліп жатыр. Алдағы уақытта өзге ауылдарда да осындай кешендер салу жоспарланған, – деді аудан әкімі.
Жаңа спорт кешені ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне және спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді.