×

«Ауыл аманаты» – өңірлік экономиканы әртараптандырудың нақты тетігі

Adal Adam 16.12.2025 | 11:11
«Ауыл аманаты» – өңірлік экономиканы әртараптандырудың нақты тетігі
Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысымен танысу мақсатында ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. Іссапар аясында Атырау қаласына қарасты бірқатар ауылдық округтердегі шаруа қожалықтарының қызметі зерделенді, деп хабарлайды Adaladam.kz. 

Жұмыс сапары барысында алдымен Тасқала ауылындағы «Өрлеу» жылыжайының қызметі таныстырылды. Аталған жылыжайда жылына 300 келі құлпынай өндіріліп, сондай-ақ жаңғақ пен өзге де жеміс-жидек түрлері өсіріледі. Жоба ауыл тұрғындарын тұрақты табыспен қамтуға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ Ералы Тоғжанов Жаңаталап ауылында орналасқан «Otbasy» жылыжай кешенінде болды. Аумағы 10 гектарды құрайтын кәсіпорын жылына 50 тоннаға дейін қызанақ, кәді, баклажан, қырыққабат және аскөк өнімдерін өндіреді. Кеңесші Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында мұндай жобалардың өндірістік қуатын арттыру өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Іссапар барысында балық аулау және өңдеумен айналысатын «Абылайхан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен де танысты. 1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын тәулігіне 10 тонна балық өңдейді, оның 30 пайызы шет елдерге экспортталады. Кеңесші Қасым-Жомарт Кемелұлының агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, балық өсіру бағытындағы жұмысты кеңейту қажеттігін жеткізді.

Сонымен қатар тауарлы несие арқылы іске асқан «Абдулла» мал шаруашылығы, «Жолмұханов» қоймасы және «Caspian Royal Fish» ЖШС-ның қызметі таныстырылды. Аталған жобалар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлігін қолдауға, кооперацияны дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.

Іссапар қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов жауапты мемлекеттік органдар мен басқарма басшыларына Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде ауыл шаруашылығы субъектілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын, соның ішінде субсидиялау мен жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін уақтылы әрі тиімді іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.