«Заң мен тәртіп»: Ақтауда мемлекеттік қызметкерлерге арналған зияткерлік сайыс өтті
Ақтау қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Адал қоғам» жобасы аясында мемлекеттік қызметкерлерге арналған зияткерлік Quiz сайысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Adaladam.kz.
Аталған жарыс облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өтті. Іс-шараны «Gumol» стратегиялық зерттеу орталығы» мемлекеттік емес ұйымы ұйымдастырды. Зияткерлік сайысқа әрқайсысы бес адамнан құралған 15 команда қатысты.
Іс-шара 9 желтоқсан – Сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, зияткерлік сайыстың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және адалдық қағидаттарын нығайту.
«Зияткерлік сайыс 9 желтоқсан – Сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай “Заң мен тәртіп” қағидаты және “Адал қоғам” жобасы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Мұндай бағыттағы іс-шараларды алдағы уақытта да өткізу жоспарымызда бар», – деді «Gumol» стратегиялық зерттеу орталығы» мемлекеттік емес ұйымының жоба жетекшісі Лаура Сәрсенбаева.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды Жаңаөзен қаласының «Кездейсоқ ойлар» командасы иеленіп, 600 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. ІІ орын Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Аппаратура» командасына бұйырып, олар 300 мың теңге ұтып алды. Ал ІІІ орынды Мұнайлы ауданының «Мұнайлы team» командасы иеленіп, 200 мың теңге көлемінде сыйақыға қол жеткізді.